Кеше, 26 ақпан күні Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров Түркіменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі Рашид Мередовты қабылдады.
Еуразия Тудейдің Түркіменстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, кездесудің басында Рашид Мередов Қырғызстан Президентіне Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов пен Түркіменстан Халық Мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовтің жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізді.
Президент Садыр Жапаров өзіне және Қырғызстан халқына деген жылы лебіздері үшін ризашылығын білдіріп, Түркіменстанның жоғарғы басшылығына алғыс сөзін жеткізуді сұрады.
Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастың даму динамикасын жоғары бағалады.
Кездесуде конструктивті екіжақты ынтымақтастықтан басқа, көпжақты форматтағы, әсіресе БҰҰ аясындағы серіктестіктің тиімділігі сөз болды. Осыған байланысты сұхбаттасушылар екі елдің қатысуымен өтетін алдағы іс-шараларды, атап айтқанда, ағымдағы жылдың 12 желтоқсанында Ашхабадта өтетін жоғары деңгейдегі халықаралық форум жөнінде пікір алмасты.
Түркіменстан Сыртқы істер министрі Садыр Жапаровқа Түркіменстан Халық Мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовтың атынан осы форумға қатысу шақыртуын табыстады.
Жапаров қырғыз тарапының Түркіменстанның бастамасымен қолға алынған жоғары деңгейдегі іс-шараларға қатысу ниетін білдірді.












