Қырғызстанда альпинистерге көмек көрсету үшін бара жатқан тікұшақ апатқа ұшырады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Қырғызстан Қорғаныс министрлігіне тиесілі Ми-8 тікұшағы 16 тамыз күні альпинистерден дабыл түскеннен кейін Оңтүстік Энильчекке ұшып шыққан.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, тікұшақ биік таулы аймақта қолайсыз ауа райы жағдайында қатты қонуға мәжбүр болған. Борттағы барлық экипаж мүшесі тірі қалғанымен, бірнеше адам түрлі деңгейде жарақат алған.
Жарақат алғандарды эвакуациялау үшін оқиға орнына екінші тікұшақ жіберілген.
Айта кетейік, тамыз айының басында Қырғызстандағы Жеңіс шыңында бес альпинист қаза тапты. Оның екеуі Ираннан, екеуі Ресейден және біреуі Италиядан келген альпинист.
Жеңіс шыңы- теңіз деңгейінен 7 439 метр биіктіктегі Қырғызстандағы тау шыңы. Ол әлемдегі ең қауіпті әрі ең қиын он шыңның қатарына кіреді. Жеңіс шыңында әртүрлі жылдары шамамен 80 альпинист қайтыс болды. Мұнда қайтыс болған альпинистердің денелері төменге түсірілмеген.
Тікұшақ, Қырғызстан, Альпинист, Жеңіс шыңы












