Иран Президенті Ибраһим Раиси ертең, қаңтардың 4 күні елінің саяси және экономикалық жоғары деңгейлі делегациясын бастап, Түркияның астанасы Анкараға аттанады.
Раиси Анкара сапарында Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен жеке кездеседі.
Сапар барысында екі ел президенттерінің төрағалығымен Иран-Түркия Ынтымақтастық Жоғары кеңесінің 8-ші отырысы өтеді.
Екі ел президенттері Иран мен Түркияның кәсіпкерлері мен экономикалық белсенділерінің бірлескен отырысына қатысады.
Сонымен қатар, Раиси Түркияда тұратын ирандықтармен де кездеседі деп жоспарланған.
Айта кетейік, Иран Президенті Раисидің Түркияға сапары өткен жылдың желтоқсан айының соңына жоспарланғанымен, жүзеге аспай қалған еді.
Иран СІМ Амир Абдоллаһиян Президент Ибраһим Раисидің Түркияға сапарының кейінге шегерілу себебін хабарлаған болатын.
Абдоллаһиян ИИР Үкімет отырысы аясында журналистерге берген сұхбатта Иран Президенті Раисидің Анкараға сапарының кейінге шегерілу себебін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Газа секторындағы жағдай және осы жерде атысты тоқтату бітімі үдерісін жалғастыру туралы отырысымен байланысты деп атады.












