Ресей Израиль әскерінің Ливан аумағынан шығуын қарастыратын Қауіпсіздік Кеңесінің 1701-қарарын орындауға шақырды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша БҰҰ-дағы Ресейдің тұрақты өкілі Василий Небензя Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Ливандағы бітімгершілік күштеріне төнген қауіпсіздік саласындағы қатерлерге шұғыл тергеу жүргізуді талап етіп, бұл оқиғаларға кінәлілердің лауазымы мен мәртебесіне қарамастан жазалануы тиіс екенін баса айтты.
Василий Небензя ЮНИФИЛ (UNIFIL) күштерінің түрлі кедергіге тап болып, тіпті атыс нысанына айналғанын мәлімдеді. Сол шабуылдар салдарынан бірнеше бітімгер қаза тапқан.
Ол Израильді сынға алып: «Тель-Авив БҰҰ бітімгершілік күштерінің өкілеттігі мен мәртебесін құрметтемейді. Осы ел әскерилерінің әрекеттері «көгілдір дулығалылардың» қауіпсіздігіне қатер төндірді», — деді.
Ресей өкілі сонымен қатар қақтығысушы тараптарды атысты тоқтату режимін сақтауға және Израиль әскерлерінің Ливан аумағынан шығуын қарастыратын Қауіпсіздік Кеңесінің 1701-қарарын орындауға шақырды.
Небензя бұл шарттар орындалмаса, кез келген бейбіт келісімнің тұрақсыз болатынын ескертті. Ол мысал ретінде 2024 жылдың қараша айында қол жеткізілген атысты тоқтату келісімінің ұзаққа созылмағанын алға тартты.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы Уақытша Күштері (UNIFIL) 1978 жылы Израиль Ливанға басып кіргеннен кейін құрылды. Оның миссиясы әр 6 ай сайын ұзартылып отырады. Қазіргі уақытта бұл топта 47 елден келген шамамен 7500 әскери қызметкер бар.












