Ресей президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Замир Кабулов Талибанды ДАИШ-пен күресте аймақтағы барлық елдің серіктесі деп атады.
Еуразия Тудейдің Tasnim ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, Ресей Сыртқы істер министрлігі екінші Азия департаментінің директоры, Путиннің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Замир Кабулов Мәскеудің лаңкестікке қарсы күштерді дайындауда тәліптерге көмектесіп жатқанын айтты.
Осы мәліметке сәйкес, ол АҚШ пен Ұлыбританияның арнайы қызметтер мен гибридтік күштер арқылы ДАИШ пен басқа да бірқатар лаңкестік топтарды қолдайтынын айтып: «Солар арқылы тәліптерге зиян келтіріп, оларды өздеріне бағынуға мәжбүрлейді» деді.
Кабулов Sputnik агенттігіне берген сұхбатында: «Батыстың Ауғанстанның активтерін тартып алу және тәліптердің қаржылық және экономикалық мүмкіндіктерін шектеу әрекеті билеуші орган Ауғанстандағы лаңкестік қауіп-қатерге өзінің бар әлеуетімен қарсы тұра алмауға себеп болды», — деді.
Кабулов Мәскеудің лаңкестікке қарсы күштерді дайындауда тәліптерге көмектесетінін айтып, ДАИШ-пен күресте Талибанды аймақтағы барлық елдің серіктесі деп атады.












