Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров бүгін, 2 қарашада Астанаға жұмыс сапарымен келді.
Президент Садыр Жапаровты ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қарсы алды.
Сапар аясында Қырғыз Республикасының Мемлекет басшысы 3 қарашада өтетін Түркі мемлекеттері ұйымына (ОТҰ) мүше мемлекеттер басшыларының кезекті оныншы Саммитінің жұмысына қатысады.
Саммит барысында ел басшылары Ұйымның күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайды, Астана актісін және көпжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қамтитын Саммиттің қорытынды Декларациясын қабылдайды.
Қырғыз Республикасының ресми делегациясының құрамында Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев, Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дастан Дюшекеев, Экономика және сауда министрі Данияр Амангелдиев, Төтенше жағдайлар министрі Бообек Әжікеев, Президент Әкімшілігінің сыртқы саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Талғат Әшірбеков бар.



















