Жақсы мамандық – болашақтың бастауы. Бір емес, бірнеше мамандықты игерген сан қырлы Сымбат Әбдірахманова – елдің дамуына үлес қосып келе жатқан жас маман.
Сымбат – «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, филолог, аудармашы, психолог, мультипликатор және әдепті келін, сүйікті жар, аяулы ана.
Қызылорда қаласының тумасы Сымбат Әбдірахманова Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар мен әлем тілдері университетінде 2005-2009 жылы «Шетел филологиясы» мамандығын тәмамдаған.
2007 жылы Иран елінің «Табатабаи» университетінде арнайы біліктілік арттыру курсында білім алған.
2007-2009 жылдары Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігінде аудармашы қызметін атқарды.
2009-2011 жылдары «Ілеспе аудармашы» мамандығы бойынша ғылыми-педагогикалық магистратураны бітірген.
2012 жылдан бастап Қызылорда облысының білім басқармасы жанындағы облыстық оқу орталығында «Әлеуметтік педагогикалық қызмет» бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
Сымбаттың психология саласында да еңбегі зор. Ол «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы. Сымбат қазіргі таңда – «Сенімен Болашақ» РҚБ психологы.
Жастарға үлгі болған Сымбат Әбдірахманова тілшімізге сұхбат берді.
Тілші: Бір басыңыз бірнеше мамандықты жетік меңгерген сан қырлы мамансыз. Сіз филолог, аудармашы, психологсыз және мультипликация саласында да тәжірибеңіз бар. Осы мамандықтардың ішіндегі сізге ең жақыны қай мамандық?
С.Әбдірахманова: Қайырлы күн! Сұхбатқа шақырғаныңызға көп рахмет! Әр сала мен үшін ерекше ыстық. Бірақ әрине алғашқы тәжірибем парсы тілінің аудармашысы болған соң, осы саланың орны мен үшін ерекше.
Қазіргі таңда ағылшын тілін білетіндер өте көп. Алайда, парсы тілі арқылы мен әлі күнге дейін нан тауып отырмын. Біздің салада парсы тілін білетіндер аз, сол себепті бәсекеге қабілеттіміз. Парсы тілін білу арқылы мәдениетпен, тарихпен тереңірек таныстым деп айта аламын. Мен қазақ тілін жетік меңгерген соң, парсы тілін үйрену оңай болды. Себебі, ортақ сөздер өте көп.
Тілші: Сіз талай ұстаздан білім алған әрі өзіңіз де ұстаз болған жансыз. Өмірдегі сіздің ұстазыңыз кім?
С.Әбдірахманова: Мен ұстаздар отбасында дүниеге келдім. Атам, әжем, әкем мен анам да – ұстаздар. Сол себепті де болар, ұстазға деген құрметім ерекше. Әрбір ұстазымды жадымда сақтап, тек алғысымды айтып жүремін.
Өмірлік ұстазым, әрине, менің ата-анам. Себебі көзімді ашқаннан сол кісілерден өмірді үйреніп келемін. Ал, парсы тіліне қатысты айтатын болсам, алғаш университетке түскен кезде тілмен таныстырып, әріп үйреткен Нұрзия Тұрсынжанқызының, кейін жоғары курстарда Афшин Зейноллабединзаде мен профессор Сафар Абдуллоның еңбектері зор.
Университет қабырғасында білім берген ұстаздарыммен әлі күнге дейін хабарласып, байланысып отырамын.
Тілші: Болашақтағы жоспарларыңыз қандай? Алдағы жоспарларыңыз бен бөліссеңіз.
С.Әбдірахманова: Қазір психология саласында қызмет атқарамын. Өзіме осы саланы құп көремін. Болашақта тек Қазақстанда ғана емес, шет елде де сұранысқа ие, адамдарға көмегі тиіп жүрген психолог пен тренер ретінде көремін. Жетістікке жету үлкен еңбекті, жанкештілікті талап етеді. Мысалы, кейде мақсат қойған уақытымда, мүмкін аз ұйықтаймын, мүмкін отбасыма көп көңіл бөле алмаспын, мүмкін денсаулығыма да зияны тиіп жатар. Алайда, бір нәрсені бермей екінші нәрсені ала алмайсыз.
Тілші: Жетістіктерге еңбек арқылы жеткен жас болса да тәжірибесі мол маман ретінде өскелең ұрпаққа айтар тілегіңіз қандай?
С.Әбдірахманова: Уақытты тиімді пайдалану деп айтар едім. Мен 2017 жылы Қазақстаннның 100 жаңа есімі атандым. Сол уақытта менің жасым 29 да болды. Алайда менің қасымда 17-18 жастағы жастар болды. Сол кезде мен өзіме «Неге мен олардың жеткен жасында осы жетістікке жетпедім? Неліктен қазір жетіп тұрмын?» деген сұрақ қойдым. Өмірімді артқа айналдырып қарасам, менің көп уақытым сериал көрумен, әңгіме айтумен, ұйықтаумен кетіпті. Ал, ол балалар өз уақыттарын дұрыс пайдаланып, өздеріне де, елге де пайда әкеліпті. Сондықтан жастар уақыттарын дұрыс пайдаланса екен деп ойлаймын.
Өмірде түсінгенім, жасаған жақсылық та, жамандық та адамның өзіне қайтып келеді. Сол себепті, ешқашан ешкімге ешқандай жамандық жасамай, жаман сөз айтпай, тек тілекші болып, жақсылық жасап, жақсылық тілеген дұрыс. Сол кезде ғана жолың ашық болып, үлкен дүниелер келе бастайды.
Жалпы, өмірде армандар орындалады. Сондықтан жастарға айтарым, армандай беріңіздер, арманға сеніңіздер.
Тілші: Әңгімеңізге көп рақмет. Сіз өнегелі еңбегіңізбен, тындырымды ісіңізбен және қарапайым да парасатты мінезіңізбен үлкен абырой-беделге ие болған тәжірибелі, үздік мамансыз. Әрдайым еңбегіңіз жана берсін, жаңа биік жетістік шыңдарына көтеріле беріңіз деп тілеймін.
Сұхбаттасқан: Нұрзия Әтейбекова











