Тәжікстан Президенті Рахмон елінің әскери және құқық қорғау органдары соңғы технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектті дамытуға басымдық беруі керектігін баса айтты.
Еуразия Тудейдің Спутник агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон елінің Қарулы күштері күніне арналған құттықтауында айтты.
Тәжікстан Президенті: “Қарулы күштердің, басқа да әскери құрылымдар мен құқық қорғау органдарының басшылығы әлемдегі өте жылдам өзгеріп жатқан жағдайды ескере отырып, әскери бөлімдерді заманауи әскери техникамен қамтамасыз ету мәселелеріне көбірек көңіл бөлуге міндетті”, — деді.
Рахмонның айтуынша, әлемдегі тынышсыз әскери-саяси жағдай, сондай-ақ қырғи-қабақ соғыс пен қарулану жарысы әрбір әскери қызметкерден тұрақты дайындықты талап етеді.
Президент Рахмон экстремистік және террористік ұйымдар мен топтардың бұрын-соңды болмаған белсенділігі, заңсыз есірткі тасымалы мен киберқылмыстың өсуі басты қауіп болып қала беретінін айтты. Тәжікстан Президенті осыған байланысты заман ағымына ілесуді маңызды деп есептейді.
Рахмон: “Бірінші кезекте кадрларды даярлауға, оларды дұрыс орналастыруға, офицерлер мен сарбаздардың кәсіби деңгейін арттыруға, заманауи технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектті игеріп, оны пайдалануға баса назар аудару керек.
Республиканың қорғаныс қуатын нығайту — бүгінгі әлемнің дағдарысты және қауіпсіздікке қатер төніп тұрған жағдайында елдегі маңызды міндеттердің бірі болып табылады”, — деп сөзін түйіндеді.
Кеше, 23 ақпан күні Тәжікстан Қарулы күштерінің құрылғанына 32 жыл толды.


















