Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында тамыздың 20-21 күндері қазақ киносының күндері өтеді.
Еуразия Тудейдің «Тәжікфильм» мемлекеттік киностудиясына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, мәдени бағдарлама аясында тәжік көрермендері «Дос-Мұқасан», «Набат операциясы» және т.б. фильмдерді тамашалaй алады.
Көрсетілімдер «Ватан» және «Тәжікфильм» кинотеатрларында көрермен назарына ұсынылады.
Салтанатты шараның ашылуы тамыздың 20 күні «Ватан» кинотеатрында өтеді. Онда жергілікті уақыт бойынша 17:30-да алғашқы көрсетілім өтеді. Келесі күні, 21 тамызда Қазақстан кинолары «Тәжікфильм» мемлекеттік кинотеатрында көрсетіледі.
Мәдени іс-шара тәжік және қазақ кинематографистері арасындағы ынтымақтастықты нығайту, мәдени байланыстарды дамыту және тәжірибе алмасу мақсатында өткізіледі.
Айта кетейік, қазақ эстрадалық музыкасының негізін қалаған «Дос-Мұқасан» тобы туралы фильмді Ефрат Шәріповтің сценарийі бойынша Aray Media Group студиясы түсірген. Фильмнің продюсері – Айгүл Байбек.
«Набат операциясы» фильмі 1992 жылы Оңтүстік Қазақстанда болған оқиғалар туралы. «Набат операциясы» фильмі шынайы оқиғаға негізделіп түсірілген.


















