Ауғанстанды бақылайтын «Талибан» қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым) елдегі саяси партиялардың қызметіне толық тыйым салатынын жариялады.
Бұл туралы тәліптердің Әділет министрі Абдул Хаким Шараи жергілікті телебағдарламасында сөйлеген сөзінде айтты.
«Саяси партиялардың қызметінде шариғат негізі жоқ, ол ұлт пен халықтың мүддесіне сай келмейді»-деді ол.
Аталған шешімді тәліптердің билікке келгеніне 2 жыл толуын атап өткен соң келесі күні қабылданған.
Талибан Ауғанстанда билікті басып алғанға дейін елдің Әділет министрлігінде 73 саяси партия тіркелген. Талибан билікке келгеннен кейін Саяси партия жетекшілерінің көпшілігі елден кетіп, қазір басқа елдерде тұрады.
Бұған дейін «Талибан» қозғалысының өкілдері музыканы моральдық құлдырауға апарады деп, мыңдаған доллар тұратын музыкалық аспаптар мен жабдықтарды өртеп жіберген еді.
Еске сала кетсек, «Талибан» қозғалысы Ауғанстанды 2021 жылдың тамызында басып алды. Осы уақытқа дейін Талибан үкіметін әлемнің бірде-бір елі ресми түрде мойындамады. Сонымен қатар олардың басшылары БҰҰ-ның санкция тізімінде.











