Иран Ресеймен визасыз режимді толығымен енгізуге дайын. Бұл туралы Иранның Мәскеудегі елшісі Казем Джалали «Известия» газетіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Казем Джалали Иран мен Ресей қазір визасыз топтық туристік сапарлар туралы келісімді жүзеге асыруда алғашқы қадамдар жасап жатқанын атап өтті.
«Екі ел арасындағы визаларды толығымен алып тастауға келетін болсақ, Иран Ислам Республикасында бұл қадамға — мемлекеттеріміздің азаматтары екі ел арасында еркін жүруі үшін визаларды алып тастауға толық дайын екенін атап өткім келеді. Әрине, біз шенеуніктерден тиісті шешімдерді күтеміз, содан кейін бұл шаралар бекітіліп, іс жүзінде жүзеге асырылады», — деді Иранның Мәскеудегі елшісі.
Казем Джалали сөзінде ресейлік туристерді Иран Ислам Республикасында жаз және қыс мезгілдерінде де көруге қуанышты болатынын айтты.
2023 жылғы наурыз айында Ресей Федерациясының Экономикалық даму министрі Максим Решетников Ресей мен Иран 2023 жылы екі ел арасындағы визасыз топтық туристік сапарлар туралы келісімді жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын хабарлаған болатын.
Ресей мен Иран арасындағы визасыз топтық туристік алмасу 1 тамыздан бастап басталды.



















