Әзірбайжан астанасы Бакуде нысана көздеуден әлем біріншілігі басталды. Байрақты бәсекеге 101 елден 1239 сұрмерген қатысып жатыр.
Бакудегі әлем чемпионаты Париж Олимпиадасына жолдама тарататын ірі жарыс болмақ. Лицензиялар сарапқа салынса да, Армения мергендері өз қауіпсіздігін ойлап, турнирге қатысудан бас тартқан.
Алғашында армениялық федерация екі ел арасындағы жанжалға қарамастан, рейтингілік ұпай үшін жарысқа қатысатын мәлімдеген. Алайда артынша Армения дүниежүзілік додаға қатысудан бас тартқан.
Әзірбайжан тарапы да спортшылардың қауіпсіздігі сақталатынын хабарлаған.
Ал, Қазақстаннан 26 спортшы нысана көздеудің барлық бағытында, яғни, 3 бағытында да жүлдеге таласып көреді.
Айта кетсек, жарыс қорытындысы бойынша ең үздік нәтиже тіркеген спортшыларға алдағы Париж олимпиадасының жолдамалары беріледі.
Бакудегі жарыста 48 лицензияны тарату жоспарланып отыр.
Әлем чемпионаты 1 қыркүйекке дейін жалғасады.



















