FIFA 2026 жылы АҚШ-та өтетін Әлем чемпионатына Иран құрамасының қатысатынын ресми түрде растады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран құрамасы Америка Құрама Штаттарымен арадағы қақтығысқа байланысты турнирден бас тартуы мүмкін екендігі туралы бұған дейінгі мәлімдемелеріне қарамастан, 2026 жылғы футболдан Әлем чемпионатына қатысады.
FIFA Иранға қауіпсіздік кепілдігін, визалық қолдау көрсетуді және команданың жарысқа толыққанды қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
FIFA Президенті Джанни Инфантино ұйым конгресінде Иран құрамасы матчтарын АҚШ аумағында өткізетінін растап: «Иран 2026 жылғы Әлем чемпионатына қатысады. Олар АҚШ алаңдарында ойнайды. Оның себебі қарапайым. Біз адамдарды біріктіруіміз керек. Біздің міндетіміз де осы. Футбол әлемді біріктіреді», -деді.
Иран құрамасы қазіргі таңда Түркияда жүр. Қазіргі уақытта Иран құрамасының Әлем чемпионатына қатысуы жолындағы ең үлкен кедергі — Америка Құрама Штаттарына кіру болып отыр. Иран футбол федерациясының президенті Меһди Тадж АҚШ-тың әлі күнге дейін команда мүшелерінің ешқайсысына виза бермегенін растады. Осы мәселені шешу үшін өткен демалыс күндері FIFA-ның бас хатшысы Маттиас Графстрем Түркияға барып, иран өкілдерімен кездесті. Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар жағдайдың оң бағытта дамып жатқанын мәлімдеді.
Алайда, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио делегацияға еріп жүретін кейбір тұлғаларға қатысты визалық мәселелер туындауы мүмкін екенін ескертті.
Бұған дейін Иран Спорт министрі Ахмад Дониамали қазіргі геосаяси жағдайды ескеріп, ел құрамасының 2026 жылғы Әлем чемпионатына қатысуы мүмкін еместігін мәлімдеп, FIFA-дан ұлттық құраманың матчтарын АҚШ-тан Мексикаға көшіруді сұрады.
Алайда Мексика Президенті Клаудия Шейнбаум FIFA-ның Иран қатысатын матчтарды АҚШ-тан Мексикаға көшірмеу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
11 маусым мен 19 шілде аралығында өтетін Әлем чемпионатының финалдық кезеңі АҚШ-тың 11 қаласында, Мексиканың үш қаласы мен Канаданың екі қаласында өтеді.
Жеребе нәтижесіне сәйкес, Иран құрамасы топтық кезеңдегі үш матчын АҚШ аумағында өткізуге тиіс.
















