Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылында балық өсіру және оны терең өңдеуге арналған заманауи кешеннің құрылысы басталды.
Еуразия Тудей ақпарат агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша кәсіпорын көксерке, шортан, алабұға сынды басқа да балық түрлерін заманауи қарқынды технологиялар арқылы өсіруден бастап, оларды бастапқы өңдеу, салқындатылған және мұздатылған өнім өндіру, сақтау, қаптау және ішкі әрі сыртқы нарықтарға өткізуге дейінгі толық өндірістік тізбекті қамтамасыз етеді.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ренат Құрмамбаевтың айтуынша, кәсіпорынның жылдық қуаты 4 мың тонна балық өнімін құрайды. Жоба аясында кемінде 150 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Жобаны «Zaisan See» серіктестігі қолға алады.
Жобаға 6 млн еуроға дейін инвестиция салу жоспарланған. Оған Польша Республикасынан шетелдік инвестор тартылды.
Кешеннің бірінші кезеңін 2027 жылғы тамызда пайдалануға беру жоспарланған.














