Иран мен Түркия Қорғаныс министрлері аймақ қауіпсіздігін мұсылман елдерінің күшімен қамтамасыз ету үшін Иран, Түркия, Пәкістан, Сауд Арабиясы мен Мысыр кіретін ортақ әскери-саяси коалиция құру бастамасын талқылады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Қорғаныс министрінің міндетін атқарушы, бригада генералы Маджид Ибн Реза мен Түркия Қорғаныс министрі Яшар Гюлер телефон арқылы сұхбатта мәлімдеді.
Иран мен Түркия Қорғаныс министрлері телефон арқылы келіссөз жүргізіп, Таяу Шығыстағы тұрақсыздықтың басты себебі сыртқы күштердің араласуы екенін баса айтты. Тараптар аймақтық қауіпсіздікті тек мұсылман мемлекеттерінің өзі қамтамасыз етуі тиіс екенін қуаттап, Иран, Түркия, Пәкістан, Сауд Арабиясы мен Мысыр кіретін жаңа әскери-саяси коалиция құру бастамасын пысықтады. Тараптар сұхбат барысында аймақтағы әскери-саяси ахуалды, Тегеран мен Анкара арасындағы қорғаныс саласындағы байланысты нығайту жолдарын және Иран мен АҚШ арасындағы атысты тоқтату келісімінің орындалу барысын талқылады.
Маджид Ибн Реза Тегеранның Исламабад өзара түсіністік меморандумын аймақтық тұрақтылықты қалпына келтіру мақсатында және достас көрші елдердің өтініші бойынша қабылдағанын айтты.
Дегенмен, Министр Вашингтонның халықаралық міндеттемелерді жиі бұзатынын атап айтып, елінің АҚШ-қа деген сенімсіздігін білдірді. Ибн Реза: «Біз қарсы тарапқа сенбейміз. Иран Қарулы Күштері толық жауынгерлік дайындықта тұр. Келісімнің кез келген бұзылуына лайықты жауап қайтарылады», — деді.
Маджид Ибн Реза Израильдің Ғаза секторы, Ливан, Сирия және Иран аумағындағы іс-әрекеттерін қатаң айыптап, АҚШ-тың қолдауы Тель-Авивтің басқыншылық саясатын одан әрі ушықтырып отырғанын баса айтып, мұсылман әлемін ортақ қауіпке қарсы тұру үшін бірлік танытуға шақырды.
Иран Қорғаныс министрлігінің басшысы ислам елдері арасында қауіпсіздік альянсын құру туралы ұсынысын қайталады. Оның айтуы бойынша, бұл коалицияның негізін Иран, Түркия, Пәкістан, Сауд Арабиясы және Мысыр сияқты жетекші мұсылман мемлекеттері құрауы тиіс. Ибн Реза: «Соңғы соғыс аймақ қауіпсіздігін сырттан келгендер емес, осындағы елдердің өздері қамтамасыз етуі керек екенін дәлелдеді. Шетелдік әскери күштердің болуы тұрақтылық әкелмейді, керісінше, қауіп-қатер мен сенімсіздік сезімін күшейтеді. Парсы шығанағы мен Таяу Шығыстағы қауіпсіздік — бұл аймақтың ішкі ісі», — деді.
Сондай-ақ, ол Израильдің Сирия мен Ливанда қауіпсіздік аймақтарын құру жоспары мен АҚШ-тың «Хезболлаға» қарсы жаңа майдан ашу туралы мәлімдемелері аймақты одан да ауыр дағдарысқа ұшыратуы мүмкін екенін ескертті. Түркия Қорғаныс министрі Яшар Гюлер Анкараның дипломатиялық күш-жігерді және атысты тоқтату режимінің толық сақталуын қолдайтынын растап: «Аймақ қауіпсіздігі тек диалог, өзара ынтымақтастық және осы аймақ мемлекеттерінің тікелей қатысуы арқылы ғана орнауы мүмкін»,-деді.
Гюлер Түркияның көршілес мемлекеттердің аумақтық тұтастығын қолдайтынын және Иранмен лаңкестікке қарсы күрес, шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында әріптестікті кеңейтуге дайын екенін қуаттап, Анкараның шиеленісті азайтуға бағытталған кез келген сындарлы бастаманы қолдайтынын айтты. Келіссөз соңында екі елдің министрлері аймақтағы жағдайдың дамуы бойынша тұрақты түрде кеңес жүргізіп тұруға уағдаласты.
















