Әзірбайжан мен Иран Сыртқы істер министрліктері арасында кезекті консулдық консультация өтті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран астанасы Тегеран қаласында Әзірбайжан Сыртқы істер министрлігі мен Иран Сыртқы істер министрлігі арасында екі мемлекеттің құзыретті органдары өкілдерінің қатысуымен консулдық консультациялар өтті.
Иран делегациясын Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Моджтаба Шасти Карими, ал Әзірбайжан делегациясын Сыртқы істер министрлігі Консулдық басқарманың басшысы Эмиль Сафаров басқарды.
Консулдық консультациялар барысында тараптар осы саладағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, екі ел азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғап, оларға жедел әрі тиімді құқықтық көмек көрсету мәселелерін талқылап, туындаған қиындықтарды жою үшін ынтымақтастықты жандандыру қажеттігін қуаттады.
Сонымен қатар, тараптар ішкі істер органдары, әділет, көші-қон, шекара және кеден қызметтері арасындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері туралы пікір алмасып, тиісті салалардағы байланысты нығайту бойынша бірлескен іс-шаралардың маңыздылығын баса айтты.



















