Тәжікстан Иран астанасы Тегеранда инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.
ТР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша Тегеранда Тәжікстан Республикасының төрағалығымен және Иран Ислам Республикасының тең төрағалығымен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің инвестицияларын ынталандыру жөніндегі Арнайы жұмыс тобының отырысы өтті.
Кездесу барысында ШЫҰ-ның 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Экономикалық даму стратегиясын және инвестициялық өзара іс-қимыл бөлігінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, ШЫҰ инвестициялық қорын құру туралы келісім жобасы және ШЫҰ инвесторлары қауымдастығын құру тұжырымдамасы бойынша пікір алмасу болды.
Бұл кездесуде тәжік тарапы Тәжікстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.
Кездесу қорытындысы бойынша Хаттамаға қол қойылды.
Тәжікстан мен Иран – тілі бір, тарихи-мәдени құндылықтары ортақ екі ел.
Тәжікстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы 9 қаңтарда орнатылды.
Иран 1991 жылы жаңадан құрылған Тәжікстан елінің тәуелсіздігін дипломатиялық жолмен мойындаған алғашқы елдердің бірі болды.
Душанбеде Иран Елшілігі 1992 жылы 9 қаңтарда, Тәжікстан Елшілігі Тегеранда 1995 жылы 18 шілдеде ашылды.
Тәжікстанның Иранмен сыртқы сауда айналымы 2022 жылы 240 миллион АҚШ долларын құрады.














