Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағының 3-ші Бас Ассамблеясы Астана қаласында өтті.
Еуразия Тудейдің Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, кеше, 8 қаңтар күні Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағының 3-ші Бас Ассамблеясы өтті.
Шара барысында Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев Қазақстанның ТМҰ елдерімен өзара сауда-экономикалық іс-қимылы туралы баяндама жасады.
Асан Дарбаев Қазақстан Түркі мемлекеттерінің ұйымын экономикалық интеграцияны тереңдету, инвестицияны дамыту, өнеркәсіптік кооперация мен логистикалық дәліз үшін стратегиялық алаң ретінде қарастыратынын атап айтты. Оның айтуынша, 2025 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымы елдерімен тауар айналымының көлемі 10,4 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 10,9 пайызға артық. Асан Дарбаев Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымының белсенді қатысушысы екенін қуаттады.
Айта кетейік, Астана қаласында өткен үшінші жалпы отырысында Түркі елдерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағына төрағалық Қазақстанға берілді. Одақтың президенті болып “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Төралқа төрағасы Райымбек Баталов тағайындалды. Бұған дейін ұйымға Әзербайжан төрағалық еткен болатын.
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және байқаушы елдер арасындағы сауда-экономикалық, өндірістік, инвестициялық, технологиялық ынтымақтастықты дамыту үшін Түркі елдерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағы 2019 жылы құрылды. Қазіргі уақытта одақ құрамына Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан және байқаушы мемлекет ретінде Мажарстан кіреді.



















