Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кувейт Әмірі шейх Наууаф әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабахтың дүниеден озуына байланысты Кувейт Мемлекетінің жаңа Әмірі шейх Мишааль әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабах пен Кувейт халқына көңіл айтты.
Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
«Кувейт Мемлекетінің Әмірі шейх Наууаф әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабахтың дүниеден озғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алдым. Шейх Наууаф – өз өмірін Кувейттің өсіп-өркендеуіне және халқының баянды болашағын қамтамасыз етуге, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға арнаған тұлға.
Тақырыпқа орай:
Қазақстан халқы оны парасатты басшы, халықаралық деңгейдегі беделді саясаткер, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға зор еңбек сіңірген тарихи қайраткер ретінде әрдайым есінде сақтайды.
Қаралы сәтте Сізге және әулетіңізге, сондай-ақ, барша отандастарыңызға Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтып, қайғыларыңызға ортақтасамын», – деп жазылған жеделхатта.
Айта кетсек, Наууаф әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабах 86 жаста болған.
Ас-Сабах әулеті Кувейтті XVIII ғасырдың ортасынан бастап билеп келеді.
Наууаф әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабах – осы әулеттің он алтыншы билеушісі.










