Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның әлі де әмбебап, әрі баламасы жоқ ұйым саналатынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы кеше наурыз 28 күні БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен телефон арқылы сөйлескенде айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл құрылғанына 80 жыл толған БҰҰ-ның әлі де әмбебап әрі баламасы жоқ ұйым саналатынын, сонымен қатар мемлекеттердің барлығы құрылым Жарғысы мен әлем елдері мойындаған халықаралық құқық қағидаттарын сақтауға тиіс деп есептейтінін мәлімдеді.
Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы ықпалдастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Президент Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталық құру туралы БҰҰ Бас Ассамблеясы бірауыздан қабылдаған қарардың маңызын атап өтті. Сондай-ақ, Аймақтық орталықтың институттық негізін жасақтау бойынша атқарылатын жұмыстар талқыланды.
Бас хатшы Қазақстанның бітімгершілік күш-жігеріне, жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға және орнықты дамуды ілгерілетуге қосқан үлесін жоғары бағалады.













