Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге және оның әулетіне Әмір-Әке шейх Хамад бен Халифа Әл Тәнидің дүниеден озуына байланысты көңіл айту үшін Дохаға барды.
Қазақстан Президенті 2026 жылғы 13 шілдеде Қатар Мемлекетінің астанасы Доха қаласында Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесті.
Президент қуатты әрі өркендеген Қатар Мемлекетін құруға шейх Хамадтың елеулі үлес қосқанын атап өтті.
– Ол көрнекті мемлекет қайраткері әрі қазақ халқының досы еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ-қатар қарым-қатынасының қалыптасып, табысты дамуына шейх Хамад бен Халифа Әл Тәни зор еңбек сіңірді. Ол Қазақстанға екі рет ресми сапармен келді. Әмірді 1999 жылы сәуірдегі бірінші сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясат ведомствосының басшысы қызметінде қарсы алған.
Мемлекет басшысы шейх Хамадтың қолдауымен Астанада алғашқы еңселі әл-Фараби мешіті бой көтергенін, сондай-ақ Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асқанын ризашылықпен еске алды.
– Осындай қаралы сәтте Алла Тағаладан марқұмның жаны жәннатта болуын сұрап, дұға етеміз, – деді Қазақстан Президенті.
Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни арнайы қолдауы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, бұл Қатар мен Қазақстан халықтарының бауырластық байланыстарының айрықша сипатын көрсететіне назар аударды.
Қатар тарапының бастамасымен мемлекеттер басшылары қазіргі халықаралық ахуал, соның ішінде Таяу Шығыстағы жағдай туралы пікір алмасты.
Айта кетейік, Қазақстан мен Қатар Мемлекеті арасындағы сындарлы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына отыз жылдан асты.
1993 жылғы шілдеде Қазақстан мен Қатар дипломатиялық қатынас орнату туралы ресми келісімге қол қойды.
2007 жылғы мамырда Қазақстан Доха қаласында өз Елшілігін ашып, байланысты нығайта түсті.
2016 жылғы қазанда Астана қаласында Қатар Мемлекетінің Елшілігі өз жұмысын бастады.
Ахмед бен Али Әл Тамими Қатардың Қазақстандағы алғашқы тұрақты елшісі болып тағайындалды.
1997 жылғы мамырда Қазақстанның сол кездегі Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатарға жасаған сапары екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі алғашқы пікір алмасу ретінде тарихқа енді.
1998 жылғы сәуірде Қатар өзінің Сыртқы істер министрі Хамад бен Джассим Әл Таниді Қазақстанға ресми сапармен жіберді.
1999 жылғы сәуірде Қатардың бұрынғы Әмірі Хамад бен Халифа Әл Тани Қазақстанға ресми сапармен келді. Ол елімізге ат басын бұрған Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесіне (ПШАМЫК) мүше елдердің ең алғашқы көшбасшысы ретінде тарихта қалды.












