Қасым-Жомарт Тоқаев пен Илһам Әлиевке “Орта дәлізді дамыту” жобасы таныстырылды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша мемлекеттер басшыларына қазақ-әзербайжан мамандарының “Орта дәлізді дамыту” бойынша атқарып жатқан жүйелі жұмыстары жөнінде мәлімет берілді.
Қазақстан Президентінің кеңесшісі Әсел Жанасова Орта дәлізді дамыту жоспарын таныстырды.
Бұл – Қытай мен Орталық Азия мемлекеттерін Еуропа елдерімен байланыстыратын негізгі көлік-логистикалық бағыт.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Илһам Әлиевке Қытайдан Әзербайжанға тасымал көлемінің ұлғаюы “Орта дәліздің” дамуына тың серпін бергені жөнінде баяндалды. Бүгінде жүк Қытай шекарасынан Грузия порттарына дейін 15-18 күнде жеткізіледі. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай бұл бағыттағы жүк айналымы үш есе артуы мүмкін.
Мемлекеттер басшыларына “Орта дәліздің” тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге, сондай-ақ Еуразиядағы транзиттік рөлін нығайтуға бағытталған нақты шаралар және бастамалар туралы айтылды.
Айта кетейік, Орта дәліз немесе Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) — Қытайды Қазақстан, Каспий теңізі, Түрікменстан, Иран, Түркия және Әзербайжан арқылы Еуропамен байланыстыратын мультимодальды көлік желісі.












