Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев понтификтің әділет пен мейірімнің, гуманизмнің ізгі мұраттарын ілгерілетуге өлшеусіз үлес қосқан аса көрнекті рухани тұлға болғанын айтты.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Мемлекет басшысы бұл туралы Рим Папасы Францисктің қайтыс болуына байланысты көңіл айтуда жазды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы Францисктің қайтыс болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын мәлімдеді. Президенттің айтуынша, Понтифик әділет пен мейірімнің, гуманизмнің ізгі мұраттарын ілгерілетуге өлшеусіз үлес қосқан аса көрнекті рухани тұлға еді.
Президент Х әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасында: “Мен Рим Папасымен кездесулерімді және оның 2022 жылы Қазақстанға жасаған діни төзімділіктің, бейбітшілік пен өзара түсіністіктің символына айналған апостолдық тарихи сапарын ыстық ықыласпен еске аламын. Рим Папасы Францисктің есімі әлем жұртшылығының есінде әрқашан бейбітшіліктің ұлы жақтаушысы және конфессияаралық диалог пен келісімнің қорғаушысы ретінде мәңгі сақталады”, – деп жазды.
88 жастағы понтифик 21 сәуір күні таңертең Ватикандағы Әулие Марфа үйіндегі резиденциясында қайтыс болды.












