Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы жағдайды реттеуге Қытай мен Бразилияның бейбітшілік жоспарын қолдауға тұрарлық деп атады.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспсөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы Қазақстанға ресми сапармен келген Германияның Федералды канцлері Олаф Шольцпен «Ақорда» резиденциясында өткізген шағын құрамдағы кездесуде мәлімдеді.
Кездесуде Олаф Шольцтің өтінішімен Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайды реттеуге байланысты пікірін айтты.
Мемлекет басшысы: «Әскери тұрғыдан Ресейдің жеңілмейтіні анық. Соғыс бұдан әрі өрши берсе, барша адамзатқа, ең алдымен, Ресей-Украина қақтығысына тікелей қатысы бар мемлекеттерге салдары өте ауыр тиеді. Өкінішке қарай, Ыстанбұл келісімін бекітуден бас тартып, татуласуға қол жеткізетін оңтайлы мүмкіндікті уыстан шығарып алды. Дегенмен бейбітшілік орнатуға әлі де мүмкіндік бар. Түрлі мемлекеттің барлық бейбіт бастамаларын мұқият қарап, әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы келісімге келу керек.
одан кейін территориялық мәселелерді талқылаған жөн. Біздіңше, Қытай мен Бразилияның бейбітшілік жоспары қолдауға тұрарлық. Мемлекеттердің басшылары келеді, кетеді. Ал халық, әсіресе көршілес халықтар бейбіт әрі бір-бірімен түсінісіп өмір сүруі керек. Қазақстанның Ресеймен дүние жүзі бойынша құрлықтағы ең ұзын шегенделген шекарасы бар. Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік пен одақтастық аясында дамып келеді. Қазақстандықтар украин халқы мен оның төл мәдениетіне шынайы құрметпен қарайды. Қазақстан мен Украина арасында ешқандай келіспеушілік болған емес. Киевте Елшілігіміз әлі де жұмыс істеп жатыр», – деді.
Айта кетейік, бүгін, қыркүйектің 16 күні «Ақорда» резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Германияның Федералды канцлері Олаф Шольцті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.














