Дональд Трамп кемелердің Ормұз бұғазы арқылы өтуіне арналған «Бостандық жобасын» тоқтатты.
Еуразия Тудейдің хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Ормұз бұғазында кемелердің қауіпсіз өтуі үшін деген уәжбен жариялаған «Бостандық жобасы» (Project Freedom) атты жоспарының тоқтатылғанын жариялады.
Трамп жоспарының сәтсіздікке ұшырағанын жасыруға тырысып, өзінің әдеттегідей жалған мәлімдеме жасап, былай деп жазды: «Пәкістан мен басқа да елдердің өтініші негізінде, сондай-ақ Иранға қарсы операциялар кезіндегі қол жеткізген айтарлықтай әскери жетістіктерімізді және Иран өкілдерімен толық әрі соңғы келісімге келу бағытындағы ілгерілеушілікті ескере отырып, біз мынадай өзара келісімге келдік: Қоршау қазіргі уақытта толық күшінде қалады, бірақ келісімнің аяқталып, қол қойылуын күту мақсатында «Бостандық жобасы» қысқа мерзімге тоқтатылады».
Дональд Трамптың көптеген бастамалары сияқты үлкен шумен басталған «Бостандық жобасы» дүйсенбі күні таңертең Ормұз бұғазында іске қосылған болатын. Алайда, бұл жоспар алғашқы сағаттарда-ақ Иран Қарулы Күштерінің ескерту оғына тап болды. Нәтижесінде, Трамптың уәдесіне сеніп бұғаздан өтпек болған барлық кеме кері қайтуға мәжбүр болды.
Осыған байланысты The New York Times басылымы кеше былай деп жазды: «Кемелер Трамптың сөзіне сеніп Ормұз бұғазынан өтпейді. Компаниялар өз кемелерін бұғазға жіберуге күмәндануда, кейбіреулері АҚШ-тың ұсынысы оларды сендіру үшін жеткіліксіз екенін айтады».
Сондай-ақ, The Telegraph газеті де кешегі хабарында әлемдік тасымалдаушылардың Трамптың жоспарына сенім артпағанына тоқталып: «Тіпті әскери сүйемелдеудің өзінде көптеген кеме иелері өтуге тәуекел етпей отыр. Себебі төтенше қауіп пен сақтандыру шығындары әлі де жоғары. Иран тарапынан төнетін қауіп азайғанша, бұл бағыттағы сауданың қалыпқа келуі екіталай».
Айта кетейік, Иранның мемлекеттік БАҚ-тары жобаның тоқтатылуын Трамптың әлемдік кеме қатынасы үшін маңызды су жолын бұғаттан шығару әрекетіндегі бірқатар сәтсіздігінен кейінгі шегініс деп атауда.
Трамптың мәлімдемесі АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың Ақ үйдегі брифингте: «Біз бейбітшілік жолын қалаймыз. Президент келісімге келгенді жөн көреді», — деген сөзінен кейін жарияланды.












