АҚШ Президенті Дональд Трамп Азия, Африка мен Латын Америкасының он екі елінің азаматтарының АҚШ-қа кіруіне тыйым салу туралы жарлыққа қол қойды.
Еуразия Тудейдің BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Дональд Трамп тағы 7 елдің азаматтарына шектеу қойды.
Ақ үйдің хабарлауынша, Ауғанстан, Мьянма, Чад, Конго Республикасы, Экваториалды Гвинея, Эритрея, Гаити, Иран, Ливия, Сомали, Судан мен Йемен елдерінің азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салынды.
Бурунди, Куба, Лаос, Сьерра-Леоне, Того, Венесуэла және Түркіменстан азаматтарының АҚШ-қа кіруі ішінара шектелген. Тыйым 9 маусым күні күшіне енеді.
Дональд Трамп бейне үндеуінде АҚШ визасына өтініш берушіні толық тексеруге болмайтын елдерден келетін көптеген шетелдіктер мен мерзімі өтіп кеткен визамен АҚШ-та тұратындар еліне қауіп төндіретінін айтты.
Трамп: “Біз 21 ғасырда визаларының мерзімі өтіп кеткен, әлемнің қауіпті жерлерінен келген шетелдіктер жасаған лаңкестік әрекеттерді көрдік”,-деді.
Трамптың айтуынша, ол өзінің президенттік мерзімінің алғашқы күнінде-ақ Мемлекеттік хатшыға осы мәселеге байланысты қандай аймақтардың АҚШ-на ең үлкен қауіп төндіретінін және қандай шектеулер енгізу керектігін талдауды тапсырды.
Дональд Трамп кейбір мемлекеттердің азаматтарына АҚШ-қа кіруіне бірінші президенттік мерзімінде-ақ тыйым салған болатын. Бұл оның 2017 жылғы Президент лауазымында қабылдаған алғашқы шешімі еді.
Трамп ол кезде Ливия, Сирия, Йемен мен Сомали азаматтарына АҚШ-қа кіруіне тыйым салды. Кейін тізімге Солтүстік Корея, Венесуэла мен Чад азаматтарын қосты.












