Вашингтон Гренландия аралын ұлттық қауіпсіздігі үшін қажет ететіні туралы уәж айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Америка мен Дания арасындағы Гренландияға қатысты шиеленістің артуы барысында Дональд Трамп өзінің даулы уәждерін қайталап, “Вашингтон осы аралды ұлттық қауіпсіздігі үшін қажет етеді” деді.
Дональд Трамптың бұл сөзі Данияның иелігіндегі автономиялы аралға Америка өзінің арнайы өкілін тағайындаған соң Вашингтон мен Копенгаген арасында дипломатиялық жаңа шиеленіс басталған соң айтылды.
Қаңтар айынан бастап Ақ Үйге қайтып оралған Трамп АҚШ Гренландияға мұқтаж деп сан рет айтты. Тіпті, осы жерге қол жеткізу үшін күш қолдану ықтималын да теріске шығарған жоқ. Ол өткен жексенбі күні Луизиана губернаторы Джефф Лэндриді Американың Гренландия ісі бойынша арнайы өкілі етіп тағайындады. Бұл Дания Үкіметінің ашуына тиіп, Копенгаген Америка Елшісін шақыртуға себеп болды.
Трамп дүйсенбі күні Флорида штатының Палм-Бич қаласында өткен бір хабар брифингінде: “Бізге Гренландия қазба байлығы үшін емес, біздің ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет. Гренландияның жағалауында Ресей мен Қытайдың кемелері көп. Бұл арал бізге қажет болғандықтан оған ие болуымыз керек” деді.
Трамп сонымен қатар Джэфф Лэндридің осы миссияда алда болғысы келетінін айтқаннан көп ұзамай, Лэндри де өзінің аталған міндетке тағайындалғанын хабарлап, мақсатын Гренландия АҚШның бір бөлігіне айналуы керек деп атады. Бұл ұстаным Дания мен Гренландия басшыларының қатаңа реакциясына ұшырады.
Дания премьер-министрі Метте Фредериксен мен Гренландия премьер-министрі Йенс-Фредрик Нильсен бірлескен мәлімдемеде Гренландияның Гренландия халқына тиесілі екенін атап айтты.
Олар АҚШ басшыларына: “Сіздер бөтен елді өздеріңізге қосып ала алмайсыздар. Біз ортақ аумақтық тұтастығымызға құрмет көрсетілуін күтеміз” — десті.
Дания Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен Американың бұл әрекетін толығымен қабылдауға келмейтін әрекет деп атап, бұл мәселеге қатты ашулы екенін мәлімдеді.
Ол Вашингтонның Данияның егемендігін құрметтеуі керек екенін ескертті. Расмуссен сонымен қатар Америка елшісі бұл жөнінде түсінік беруі үшін Дания Сыртқы істер министрлігіне шақыртылғанын мәлімдеп, кездесуде қызыл сызықтың айқын сызылғанын айтты.
Еуропа Одағы да Даниямен ынтымақтастығын жариялады. Еуропалық Комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен мен Еуропалық Кеңестің төрағасы Антонио Коста әлеуметтік желілерде мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен егемендігі халықаралық құқықтың негізгі қағидаттары екенін қуаттады.
Дания мен Гренландия жетекшілері мұның алдында кең байтақ аралдың сатылмайтынын, тек Гренландия халқы ғаны оның болашағы туралы шешім қабылдайтынын сан рет мәлімдеді.
Қаңтар айындағы бір сауалнамаға сәйкес, Гренландия халқының көпшілігі, шамамен 57 000 азаматы Даниядан тәуелсіздік алуды қалағанымен АҚШ-на қосылуға ниетті емес.
Дания Американың арнайы өкілінің тағайындалуы Вашингтонның Гренландияға ықыласының артуының белгісі деп санайды. Алайда барлық мемлекет, соның ішінде Америка Дания корольдігінің аумақтық тұтастығын құрметтеуі керек екенін баса айтуда. Вашингтон Гренландияны Солтүстік Америка мен Еуропа арасындағы географиялық жағдайына байланысты стратегиялық тұрғыдан өте маңызды санайды.
Бұл аралдың жер асты қойнауы қол тимеген сирек кездесетін қазба байлықтарына толы. Полярлық мұздықтардың еруімен кеме қатынасының жаңа бағыттарында маңызды рөл атқара алады. Сондай-ақ, Гренландия Ресей мен АҚШ арасында зымырандар ұшатын ең қысқа жолда орналасқан.
Қазіргі уақытта Гренландияда Америка Құрама Штаттарының Питофик әскери базасы бар. Осы аралда 2020 жылы консулдық ашылды.
Дегенмен Трамп Үкіметінің Гренландияны басып алу үшін әшкере түрде әрекет жасауы НАТО-ның мүшесі, Ауғанстан, Ирак сияқты соғыстардағы Американың ежелгі одақтасы Данияны айран-асыр етті.
Дания осы оқиғаларға жауап ретінде қаңтар айында солтүстік поляр аймағындағы өзінің әскери құзырын нығайту үшін екі миллиард долларлық бағдарламасын хабарлады. Бұл стратегиялық аймақтағы күшті державалардың бәсекелестігіне алаңдаушылықтың артқанын білдіреді.












