Дональд Трамп — тіпті өзі қойған қолын да жарамсыз деп жариялаған жалғыз президент.
Еуразия Тудейдің хабарлауынша бұл туралы Иранның бұрынғы дипломаты Мохсен Пак Айин мәлімдеді.
Трамп Иран Президентімен соғысты тоқтату және басқа да мәселелер бойынша қол қойған өзара түсіністік меморандумының сиясы кеппей жатып, өзін бұдан былай бұл келісімге міндетті санамайтынын ашық мәлімдеді.
Батыс сарапшыларының бірі осыған орай: «Трамп қаламының сиясы кеппей жатып, өзі қойған қолтаңбасын өзі жоққа шығарды», — деді.
Трамптың мұндай әрекетке баруы алғаш рет емес. Ол Ақ үйге келген бойда Барак Обаманың Иранмен “Ортақ қадам” жан жақты бағдарламасына қойған қолын жарамсыз танып, АҚШ-ты келісімнен шығарып алған болатын. Бұл қадам халықаралық қатынастың әдеттегі нормаларына қайшы келгенімен, Трамп оны «бұл бұрынғы үкіметтің келісімі, әрі АҚШ мүддесіне сай келмейді» деп ақтауға тырысқан болатын. Ал енді президенттің өзі қойған қолын өте қысқа мерзімде бұзуы — бұрын-соңды болмаған және ешқандай қисынға сыймайтын әрекет. Сол себепті де бұл қадам батыстың саяси сарапшылары мен элита тарапынан қатаң сынға ұшырады.
Бұл мінез-құлық, ең алдымен, АҚШ-тың шешім қабылдау жүйесіндегі тұрақсыздықты көрсетеді: елде ұйымдасқан үкіметтің билігі емес, бір адамның бір сәттік еркі мен шешімдері сыртқы саясатты билеп-төстеп тұрғандай әсер қалдырады. Осындай жағдайда АҚШ үкіметіне де, оның президентіне де сенім арту мүмкін еместігі өз-өзінен түсінікті.
Бұл сенімсіздік тек Иран Ислам Республикасымен шектелмейді. Бүгінде әлемнің көптеген елі АҚШ-пен қандай да бір келісімге немесе келісімшартқа қол қойғанда, оның орындалу кепілдігіне күмәнмен қарайды. Бұл мәселе әрдайым Иран Ислам Республикасы лауазымды тұлғаларының назарында болуы тиіс. Иран өз тарапынан қол қойған міндеттемелеріне қашан да адалдық сақтағанымен, АҚШ-тың өз міндеттемелерін орындамайтыны былай тұрсын, енді тіпті Президентінің өз қолтаңбасынан өзі бас тартатын шындықпен санасуға тура келеді.
Мұндай әрекеттер АҚШ-тың саяси және құқықтық беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, әлем елдерінің сенімін де толық шайқалтты. Өңірдегі мемлекеттер, әсіресе Қатар мен Пәкістан сияқты дәнекер елдер, сондай-ақ Қытай, Ресей, тіпті кейбір Еуропа елдері сияқты державалар бұл меморандумды шиеленісті азайтуға, Ормұз бұғазындағы кеме қатынасын қалыпқа келтіруге және энергия тасымалын жеңілдетуге бағытталған оң қадам деп есептеген еді. Бірақ АҚШ өз міндеттемелерін орындамағаны аздай, меморандум талаптарын бұзып, әскери операцияларды жалғастырды, Иранды қоршауды күшейтті және өтетін кемелерге қоқан-лоқы жасау арқылы өңірдегі жағдайды бұрынғыдан бетер шиеленістіре түсті. Мұның салдары мұнай мен газ тасымалдау бағыттарында қауіпсіздіктің төмендеуіне, әлем экономикасы үшін жаңа қатерлердің пайда болуына әкеп соқты.
Осыған байланысты көптеген ел халықаралық жүйеге көпжақтылыққа негізделген және АҚШ-тың біржақты әрі болжаусыз әрекеттеріне қарсы тұра алатын жаңа тәртіп қажет деген қорытындыға бұрынғыдан да бетер көз жеткізіп отыр.
Соғыс майданындағы жағдайға келсек, бұл текетірестің маңызды ерекшеліктерінің бірі — Иран Ислам Республикасы Қарулы Күштерінің батыл әрі соққы бере жауап қайтаруы болды. Армия мен Ислам революциясы сақшылар корпусы Иранға қарсы шабуылдардың қайнар көзі болған орталықтар мен базаларды нысанаға ала отырып, АҚШ мүдделеріне едәуір соққы берді.
Сонымен бірге, америкалық әскерилер арасындағы адам шығыны, әсіресе өңірдегі кейбір базалардағы шығындар Вашингтон үшін күрделі мәселеге айналды. Америкалық басшылар қаза тапқандар мен жараланғандардың санын барынша жасырып баққанымен, қолда бар мәліметтер шығындардың, әсіресе Сириядағы Әл-Танф, Иорданиядағы кейбір базаларда және АҚШ-тың зымыранға қарсы жүйелері орналасқан орталықтарда жарияланған цифрлардан әлдеқайда көп екенін көрсетеді.
Бұл үдерістің әрі қарай жалғасуы АҚШ үшін ауыр адами және саяси шығындарға әкеп соғады. Сол себепті де Вашингтонның шиеленісті азайту үшін дәнекер елдердің мүмкіндіктерін пайдалануға тағы әрекет жасап жатқанын көріп отырмыз. Дегенмен, бұл соғысты аяқтау туралы шешім енді тек АҚШ-тың қолында емес. Майдан даласындағы жағдай мен ұлттық мүдделерді ескере отырып, соғыстың қашан және қалай аяқталатынын Иран Ислам Республикасы өзі шешеді.
Егер басқыншылық созыла беретін болса, Иран Қарулы Күштерінің соққылары мен АҚШ үшін әскери әрі адам шығындарының артуы түбінде Трамп үкіметін Иранға қарсы агрессивті саясатына өкіндіретіні шәксіз.












