АҚШ Президенті Дональд Трамп тариф енгізу шешімі арқылы бүкіл дамушы әлемге қарсы шықты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Ресей Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының Халықаралық қатынастар факультеті деканының орынбасары, Халықаралық зерттеулер институтының санкциялық саясатты сараптау орталығының директоры Екатерина Арапова мәлімдеді.
Арапова “Валдай” халықаралық пікірталас клубында жасаған баяндамасында: “Америка әкімшілігінің бүкіл дамушы әлемге, Жаһандық Оңтүстікке қарсы тариф соғысы — үлкен соққы. Жарияланған тариф деңгейі жаһандық құн тізбегін қайта құруға әкелетін күйзеліс болып табылады”, — деді.
Сарапшының пікірінше, тарифтерге қатысты жағдай Бразилияның БРИКС ұйымына қазіргі төрағалығы аясында сауда тізбегін қайта құруға, сауда ынтымақтастығын дамытуға байланысты аспектілерге баса назар аударуға мүмкіндік береді.
Сарапшы АҚШ-тың сауда соғысы БРИКС елдеріне әрқалай әсер еткеніне тоқталып: “Ресей мен Иран бұрыннан санкциялық қысым жағдайында өмір сүріп келеді. Қытай қатаң симметриялық шара қабылдауға шешім қабылдады. Үндістан келіссөз жүргізіп, өзара жеңілдіктер іздеуге бағытталған икемді көзқарасқа бейім. Индонезия қарқындылықты барынша азайтуға тырысып, ұстамды көзқарас ұстануда”, — деді.
Айта кетейік, АҚШ Президенті Дональд Трамп 2 сәуір күні АҚШ-қа әкелінетін барлық тауарға ең төменгі кедендік баж салығын 10 пайыз деңгейінде енгізетінін жариялады. Оның кедендік тарифтер енгізу шешімі әлем елдерінің алаңдаушылығын тудырды.
АҚШ одақтастарына да қарымта салық енгізді. Мәселен, Еуроодаққа 20 пайыздық баж салығы енгізілді.
АҚШ Президенті осы шешімін Америка тарихындағы ең маңызды күндердің бірі деп атап: “Бұл біздің экономикалық тәуелсіздігіміз туралы декларация”,-деді.

















