Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Санкт-Петербург қаласында Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті.
Еуразия Тудейдің РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, төрт жарым сағатқа созылған кездесу Санкт-Петербургтегі Президенттік кітапхана ғимаратында жабық форматта өтті.
Кремльдің мәліметінше, кездесуде тараптар Украинаға қатысты мәселені талқылады.
Ресейдің Тікелей инвестициялар қорының бас директоры Кирилл Дмитриев келіссөз қорытындысына пікір білдіріп, оны “нәтижелі келіссөз” деп бағалады.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Уиткоффпен өткен кездесу қорытындысы бойынша Трамп пен Путиннің телефон арқылы сөйлесуі мүмкін екенін айтты.
Айта кетейік, Стив Уиткофф жұма күні Санкт-Петербургке сапармен барды. Бұл Уиткоффтың Ресейге үшінші сапары. Ол бұған дейін 13 наурызда Мәскеуде болып, жоғары деңгейлі ресейлік шенеуніктермен және Путинмен кездескен болатын.
Песковтың айтуы бойынша, Уиткофф Ресей тарапына Украина бойынша қосымша ақпарат берсе, Ресей Президенті Уиткофф арқылы америкалық әріптесіне ақпарат пен қосымша сигналдар жолдады.
Уиткофф ақпан айының басында есірткі контрабандасы үшін сотталған америкалық Марк Фогельді айырбастау туралы келіссөз жүргізу үшін Ресейге келген болатын. Содан кейін ол Эр-Риядта өткен жоғары деңгейдегі Ресей-АҚШ келіссөзіне қатысты.

















