Түркіменстан Халық Кеңесінің Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев телефон арқылы сөйлесіп, Өзбекстанға түркімен табиғи газын жеткізу көлемін арттыру мәселесін талқылады.
Еуразия Тудейдің TDH ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, тараптар сұхбат барысында Түркіменстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастың ашық, өзара сенім мен түсіністіктің жоғары деңгейімен ерекшеленетінін қуаттады.
Тараптар ынтымақтастық тек екіжақты форматта ғана емес, халықаралық құрылымдар аясында да табысты жүзеге асырылып жатқанын баса айтты.
Сұхбат барысында сауда-экономикалық және отын-энергетика салаларындағы екіжақты әріптестіктің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары талқыланды.
Түркіменстан біраз жыл бойы тату көршілік, өзара құрмет, тең құқылы серіктестік және өзара қолдау қағидаттарына сүйене отырып, Өзбекстан Республикасын табиғи газбен қамтамасыз етіп келеді.
Гурбангулы Бердімұхамедов мен Шавкат Мирзиеев газ саласындағы бірлескен жұмыстың жоғары тиімділігін атап, түркімен табиғи газын Өзбекстанға жеткізу көлемін арттыруға уағдаласты.
Сонымен қатар, тараптар су саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін жан-жақты талқылап, бұрын қол жеткізілген келісімдердің орындалуы және алдағы жоғары деңгейдегі кездесулерге дайындық мәселелерін қарастырды.














