Түркия 23 қыркүйекте ашылатын БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестина атынан сөз сөйлейді.
Еуразия Тудейдің Анадолу агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Анкарада Палестина автономиясының басшысы Махмұд Аббаспен кездесу барысында мәлімдеді.
Тараптар кездесу барысында Израильдің Палестинаға жасаған шабуылдары мен аймақтық мәселелерді талқылады.
Президент Ердоған Израиль тек Палестинаға ғана емес, аймақтық тұрақтылыққа да қауіп төндіретінін және Катарға жасалған шабуыл соның дәлелі екенін баса айтты. Түркия Президентінің айтуынша, Израиль кез келген мүмкіндікте бейбітшілікке нұқсан келтіретін өз ұстанымын көрсетуде.
Ердоған 23 қыркүйекте ашылатын БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестина атынан Түркия сөз сөйлейтінін мәлімдеп, Газада шұғыл түрде келісім орнату және өңірдегі гуманитарлық дағдарысты тоқтату Түркияның басты міндеті екенін атап айтты.




















