Түркия мен Иран Таяу Шығыстағы АҚШ-тың ықпалын әлсіретуге ұмтылғанымен, олардың мақсаттары әртүрлі.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы «Валдай» пікірталас клубының «Түркия мен Иран: аймақтық ықпалдың шектері» атты сараптамалық жазбасында айтылған.
«Валдай» сараптамасында: ««Түркия мен Иранды Вашингтонның аймақтағы рөлі қанағаттандырмайды. Сол себепті екі ел де америкалық ықпалды әлсіретуге мүдделі. Дегенмен екі елдің мақсаттары әртүрлі. Қазіргі әскери қақтығыс жағдайында Тегеран үшін америкалық әскери қатысуды ығыстыру — саяси режимнің сақталып қалуының шешуші шарты болса, Анкара үшін бұл — стратегиялық автономияға қол жеткізу мәселесі», — деп жазылған.
«Валдай» пікірталас клубы сарапшыларының пікірінше, Түркия сыртқы саясатын әртараптандырып, НАТО-дағы «жетекке ерген» одақтас мәртебесінен арылуға ұмтылуда.
Тегеран мен Анкара күрдтердің әскери-саяси құрылымдарына қатысты ортақ ұстанымда. Екі ел де мұны өңірдегі тұрақсыздық пен сепаратизмнің қауіпті факторы деп бағалайды.
Иран мен Түркияны жақындастыратын тағы бір фактор — Израильге қатысты ұстанымдарының ұқсастығы. Сарапшылардың пікірінше, Ғазадағы оқиғалардан кейін Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның Израильге қатысты сыны мәлімдемелері ирандық риторикамен үндесіп, Анкара мен Израиль арасындағы қатынас едәуір суыды.
Жалпы, «Валдай» сарапшылары Түркия пен Иранның АҚШ-ты өңірден ығыстыруда мүддесі бір екенін айтады.















