Украинаның инфрақұрылым министрі Александр Кубраков Польша шекарасындағы жағдайға тоқалып, шекараны жауып тастауды қорғаныстағы елдің қауіпсіздігіне төнген тікелей қатер деп атады.
Кубраков Польша шекарасында көлікті бөгеу әрекетінің екі ел үшін де ауыр әлеуметтік және саяси зардаптарға соқтыратынын мәлімдеді.
Жуырда әлеуметтік желілерде польшалық наразы топ украиналық жолаушылар мінген автобустардың жолын жауып тастаған видео тарады.
Украинаның Қоғамдық даму, аумақтар және инфрақұрылым министрі Александр Кубраков Польша Ұлттық қауіпсіздік бюросының басшысы Яцек Северамен шекараны, атап айтқанда, жолаушылар көлігін жабуға жол бермеуге қатысты шұғыл келіссөз жүргізді.
Бұл туралы министрліктің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімет жарияланды.
«Шекараны жауып тастау – қорғаныстағы елдің қауіпсіздігіне тікелей қатер. Мұндай әрекеттер Ресей атын жамылған ортақ жаумен бетпе-бет келуімізге кері әсерін тигізуде.
Біз польшалық әріптестеріміздің мұндай жағдайлардың алдын алу және жалпы мәселені шешу үшін нақты әрекеттерін күтеміз», — деді Александр Кубраков.
Министрдің орынбасары Сергей Деркач Польшаның Инфрақұрылым вице-министрі Павел Ганцаймен байланыста екенін, поляк тасымалдаушылары блокаданы тоқтатқанымен, шекарадағы жағдай одан сайын қиындап бара жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта шекараның Польша жағында 6 бақылау-өткізу бекеті жабылған.
««Ягодин – Дорогуск» өткізу бекетінде жүк тасымалы мүлде тоқтаған. Ол жерден гуманитарлық, тез бұзылатын тауарлар мен жанар-жағармай өткізуге болмайды. Бұл біздің қорғаныс қабілетімізге тікелей әсер етеді. Сондай-ақ аса қажетті тауарларды тасымалдайтын бос жүк көліктері бұл бекет арқылы Украинадан шыға алмайды», — деді Сергей Деркач.
Естеріңізге салайық, қазіргі уақытта Польша аумағында 3000-ға жуық жүк көлігі жолда күтіп тұр.
Осы жағдайға қатысты Украина президенті Владимир Зеленский: «Біздің батыс шекарамызда – Польшамен шекарада болып жатқан оқиғаны қалыпты немесе қарапайым деп қабылдауға болмайды. Бізге қарапайым және түсінікті әділдік керек», — деді.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша Еурокомиссия 19 ақпанда поляк қауіпсіздік күштерін украин тауарларын поляк фермерлері бөгеп тұрған шекарадан өткізу үшін барлығын жасауға шақырды.
Айта кетейік, 18 ақпанда польшалық наразылар Украинадан осы елге кіретін жолаушылар мінген автобустар мен пойыздарды жауып тастауға әрекет еткені туралы ақпарат тарады.














