Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев Президентке ведомствоның жыл басынан бері атқарған жұмысының нәтижесі мен алдағы кезеңге арналған міндеттері жөнінде есеп берді.
Ермек Сағымбаевтың айтуынша, ҰҚК материалдары негізінде 43 адам лаңкестік пен діни экстремизм бабы бойынша сотталған және 34 азамат тергеліп жатыр. Терроризм мен экстремизмге қатысы бар 212 шетелдіктің Қазақстанға кіруіне жол берілмеді. Радикалды ұйымдарға мүше 1498 шетелдік адамның елімізге келуіне шектеу қойылды. Террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін іздеуде жүрген 12 шетелдік азамат ұсталды.
Мемлекет басшысына Ішкі істер министрлігімен бірлесіп 13 қылмыстық топтың қызметі тоқтатылғаны, олардың 142 мүшесі ұсталғаны және 40 азаматтың тұтқындалғаны туралы баяндалды. Заңсыз айналымда жүрген 282 атыс қаруы, 48 граната мен 4586 оқ-дәрі тәркіленген.
Есірткі өндіретін 12 зертхана, сондай-ақ 13 халықаралық және 12 өңірлік тасымал арнасы жойылған. Заңсыз айналымнан 3,2 тонна есірткі мен психотропты заттар, 7,5 тонна прекурсорлар алынды.
Мемлекеттік шекараны бұзған 16 мыңнан астам адам ұсталды. 3025 тұлға елден шығарылды. Қару-жарақ пен оқ-дәрі, есірткі және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтпек болған 600-ден аса факті әшкереленді. Шекара арқылы 11 миллиард теңге мен құны 16,6 миллиард теңге болатын тауарларды заңсыз алып өтуге жол берілмеді.
Сонымен қатар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесіне жасалған 796 миллион кибершабуыл әшкереленген.
Кездесу соңында Президент ұлттық қауіпсіздік органдары қызметінің бағыттары бойынша бірқатар тапсырма берді.












