Ұлттық валюталарды пайдалануды арттыру БРИКС елдері мен өзге де мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтып, жаһандық саудадағы тәуекелдерді азайта алады.
Еуразия Тудейдің хабарлауынша, бұл туралы Fana Media Corporation компаниясы Бас директорының орынбасары Давит Месфин мәлімдеді.
Давит Месфиннің айтуынша, БРИКС ұлттық валюталардағы сауданы кеңейту және инфрақұрылымды дамытуға қолдау көрсету арқылы Африкадағы экономикалық интеграцияны тереңдетуге айтарлықтай мүмкіндікке ие.
Сарапшының пікірінше, саудада ұлттық валюталарды пайдалану БРИКС елдері мен басқа мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайта алады.
Месфин: «Біз өз валюталарымызды пайдалануымыз қажет. БРИКС аясындағы және ынтымақтастыққа дайын басқа елдермен сауда қатынастарын кеңейтуіміз керек», — деді.
Оның айтуы бойынша, Эфиопия ауыл шаруашылығы өнімдерінің алуан түрін өндіруде зор әлеуетке ие. Бұл елге аталмыш өнімдердің экспортын басқа мемлекеттерге арттыруға мүмкіндік береді.
Сарапшы: «Біз БРИКС елдерімен ауыл шаруашылығы және цифрлық платформалар саласында серіктестік орнатқымыз келеді», — деді.
Сондай-ақ Давит Месфин экономикалық байланыстарды нығайту, инфрақұрылымды дамыту және негізгі салалардағы ынтымақтастық Эфиопия, Африканың басқа елдері мен БРИКС мемлекеттері арасындағы сауданы арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын баса айтты.




















