Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында 2 ақпан күні шамамен түнгі сағат 3 шамасында жылу электр орталығында ірі апат болды.
Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жылу орталығын толық қалпына келтіруге шамамен жеті күн кетуі мүмкін.
Жылу электр орталығындағы апаттан бес адам зардап шегіп, үш адам ауруханаға түсті.
Қырғызстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Медербек Исмаиловтың айтуынша, дәрігерлер екі науқастың жағдайын аса ауыр, үшінші науқастың жағдайын орташа ауыр деп бағалады.
Екі адам ауруханаға жатудан бас тартқан.
Қырғызстанның Энергетика министрлігінің деректеріне сүйенсек, тұтынушыларға электр энергиясы үздіксіз берілгенімен, қаланың жылу режимін сақтау үшін ыстық су беруге шектеу қойылған. Орын алған оқиғаға байланысты қала мектептері мен балабақшалары онлайн оқуға көшірілді.
Қазіргі уақытта Бішкектегі бұл жағдайды реттеу үшін жедел штаб құрылып, апат себебі анықталуда.














