Кеше, 2 ақпан күні Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов пен Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов келіссөз жүргізіп, екі ел арасында барлық салада оң өсу динамикаcы байқалатынын атап өтті.
ҚР Премьер-министрі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов бастаған делегация Алматы қаласына Еуразиялық үкіметаралық кеңес және цифрлық форумға қатысу мақсатында келді. Сапар аясында Абдулла Арипов пен Әлихан Смайыловтың төрағалығымен екі ел үкіметтері делегацияларының кездесуі өтті.
Кездесу барысында Әлихан Смайылов Өзбекстанның Қазақстанның ең басты сауда әріптестерінің бірі екенін атап өтті.
Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 4 млрд доллардан асқаны бұған дәлел болатынын айтты.
Өз кезегінде Абдулла Арипов Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік достық, тату көршілік және өзара құрмет рухында қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Кездесуде екі елдің үкімет басшылары сауда-экономикалық байланысты одан ары нығайту бойынша шара қабылдау қажеттілігіне тоқталды.
Сондай-ақ, келіссөздер барысында тараптар трансшекаралық суларды тиімді пайдалану және цифрлық салада тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.












