AutoFlight компаниясы шығарған ұшқышсыз басқарылатын әуе электр таксиі қалааралық алғашқы рейсін орындады.
Aerospace Testing International басылымының мәліметінше, электр ұшағы Шэньчжэнь мен Чжухай қалалары бағыты бойынша рейсті жүзеге асырған. Көлікпен шамамен үш сағат уақыт алатын екі қала арасындағы саяхатты ұшақ 20 минутта жүріп өткен.
Саяхатты орындауда AutoFlight әзірлеген бес орындықты Prosperity деп аталатын электр ұшағы пайдаланылды.
Prosperity дизайнын Mini, Fiat, Ferrari, McLaren және Maserati көліктерінің авторы Фрэнк Стивенсон жасап шығарған.
AutoFlight компаниясы болашақта Prosperity әуе такси жобасы бойынша жергілікті билік органдарымен және серіктестерімен бірлесе жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Компания мақсаты-eVTOL рейстерін қауіпсіз, тиімді, экологиялық таза және бүкіл әлемдегі қалаларға қол жетімді ету болып табылады.
Prosperity бес жолаушыны тасымалдауға арналған. Оның максималды ұшу қашықтығы — 250 км, жылдамдығы — 200 км/сағ. Алғашқы сынақ рейсін орындауда манекен бірінші жолаушының рөлін орындады.
Енді AutoFlight компаниясы ақылы негізде қызмет көрсету үшін ұшуға рұқсат алуды жоспарлап отыр. Егер жоспары жүзеге асатын болса, компания жылына Шэньчжэн қаласынан 300 мың рейс орындайды.
Қытай – әуе таксиі қызметін ресми түрде жолаушыларға ұсынған алғашқы ел. Бұған дейін бірқатар елде әуе таксилерін таныстырды, алайда тек ұшу сынақтары ғана жүргізілді.
Еске сала кетсек, Қытай былтырғы жылы 13 қазанда әлемде алғаш рет электрлік ұшатын EH216 дрон таксиіне ресми түрде рұқсат берген болатын. Бұл кезде EH216 дрон таксиін Қытайдың EHang компаниясы шығарған болатын. Ұшақ екі адамға арналған және толығымен автономды болғандықтан, оны басқару үшін ұшқыш қажет емес.












