Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев 2-3 қарашада Түркі мемлекеттері ұйымының мемлекет басшыларының саммитіне қатысу үшін жұмыс сапарымен Астанаға келеді.
ӨР Президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша саммиттің күн тәртібіне Ұйым аясындағы, ең алдымен, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-коммуникация, экология, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері бар.
Делегация басшылары сондай-ақ халықаралық саясат пен өңірлік өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасады.
Шара қорытындысы бойынша бірқатар бірлескен құжаттарды қабылдау жоспарлануда.
Айта кетейік, биыл Түркі мемлекеттері ұйымына Өзбекстан Республикасы төрағалық етуде.
Көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бағытталған 100-ден астам айтулы іс-шара өткізілді.
Ұйымға Өзбекстан Республикасы, Әзірбайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Түрік Республикасы мүше, ал бақылаушы елдер – Венгрия мен Түркіменстан.












