Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның шақыруымен 30 қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясына қатысу үшін Дубай қаласына барады.
ӨР Президенті баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша іс-шараның күн тәртібіне БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының негізгі ережелерін іске асыру, заманауи экологиялық сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы тұру, «жасыл» дамудың мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету бойынша кең халықаралық ынтымақтастық мәселелері бар.
Жаһандық климат саммитіне 150-ден астам елдің мемлекет және үкімет басшылары, беделді халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының басшылары қатысады.
Өзбекстанның Мемлекет басшысы саммиттің пленарлық отырысында баяндама жасайды, сонымен қатар бірқатар екіжақты кездесулер мен келіссөздер жүргізеді деп жоспарлануда.
Айта кетейік, Өзбекстан Республикасы БҰҰ Негіздемелік конвенциясына 1993 жылы қосылған. 2018 жылы Париж келісіміне қатысушы болды.



















