Украина Президенті Владимир Зеленский Дональд Трамптың Украинада президенттік сайлау өткізу қажеттігі жөніндегі мәлімдемесінен кейін сайлауға дайын екенін айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Владимир Зеленский кеше, сейсенбі, 9 желтоқсан күні украиналық және шетелдік журналистермен кездесуінде мәлімдеді.
Зеленскийдің айтуы бойынша, егер дауыс беру кезеңінде қауіпсіздікке кепілдік берілсе, сайлауды алдағы 60–90 күн ішінде өткізуге болады.
Ол қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Америка Құрама Штаттары мен еуропалық серіктестерінен көмек сұрады.
Дональд Трамп Politico басылымына берген сұхбатында Украинада жаңа президенттік сайлау өткізу қажеттігін мәлімдеді.
Трамп екінші президенттік мерзімі басталғаннан бері Украинадағы жағдайға қарамастан сайлау өткізу туралы айтып келеді.
Айта кетейік, қолданыстағы Украина заңдарына сәйкес, елде әскери жағдай кезінде сайлау өткізуге тыйым салынады.
Елде әскери жағдай енгізілгендіктен, 2024 жылы өтуі тиіс Украина президентінің кезекті сайлауы кейінге шегерілген болатын.












