Ресейдің бірнеше шенеунігі Батысқа Мәскеудің бұғатталған активтері тәркіленген жағдайда, шексіз сот ісін жүргізіп, қатаң жауап беретінін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің Reuters ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, Мәскеу бұғатталған активтерін қайтару үшін басып алынған Украина аудандарынан ешқашан бас тартпайтынын мәлімдеген.
Мария Захарова Telegram мессенджерінде: «Біздің ел сатылмайды. Ресей активтері өзгеріссіз қалуы керек, болмаса, Батыстың бұл жымқыруына қатаң реакция көрсетіледі. Мұны көптеген Батыс елдері түсінді. Өкінішке орай, олардың бәрі емес» деп жазды.
Reuters агенттігі Ресейдің Украинаға басып кіруіне жауап ретінде АҚШ пен одақтастарының Ресей орталық банкі және осы елдің Қаржы министрлігімен қарым-қатынасына тыйым салып, Мәскеудің Батыстағы 300 миллиард долларға жуық активін бұғаттап тастағаны жөнінде жазды. Бұл активтің көп бөлігі америкалық емес, еуропалық қаржы институттарында сақталады.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та жеке мәлімдемесінде Мәскеуде әр түрлі құрылымнан алынатын Батыстың әлі де қомақты қаржысы бар екенін атап өтті.
Песков: «Ресейлік активтер тәркіленетін жағдайда сот ісін жүргізудің болашағы кең болады және Мәскеу өз мүдделерін шексіз қорғайды» деді.
Сондай-ақ, Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары да АҚШ-тың осы елдің бұғатталған активтерін тәркілеу туралы заңын қабылдауына жауап ретінде шетел азаматтарының активін тәркілеуге шақырды.
АҚШ Сенатында Украинаға көмектесу үшін ресейлік активтерді тәркілеуге рұқсат беретін заң жобасының қабылдануын сынаған Дмитрий Медведев өзінің Telegram арнасында: «Вашингтонның бұл әрекетіне Мәскеудің жауабы қатты болады» деп жазды.
Ол Ресейдің азаматтық кодексіне белгілі бір өзгерістер енгізіп, шет мемлекеттер азаматтарының активін тәркілеуге мүмкіндік беретін жаңа заңдар қабылдауға шақырды.


















