АҚШ пен Қытай арасындағы байланыс ұлғайғанмен қазіргі уақытта Бейжіңнің Украина соғысында Ресейді қолдауына байланысты әлсіреп келеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы The Hill сайты жариялаған мақалада айтылған.
Аталмыш америкалық сайттағы мақалада АҚШ-тың Украинаға берген миллиардтаған долларлық қару-жарақ пен әскери техникасы жөнінде сөз қозғалмай, керісінше Қытайдың Ресей-Украина соғысындағы рөлінің артуына, әсіресе Бейжіңнің Мәскеудің әскери өндіріс саласына қолдау көрсетуіне АҚШ-тың алаңдаушылығы туралы айтылады.
Сонымен қатар сайтта: «АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі қазіргі таңда Қытайдың Ресейге ұшқышсыз ұшу аппараттары мен зымырандық технологияларды, спутниктік суреттер мен техниканы жеткізуіне жол бермеу үшін жаңа санкцияларды дипломатиялық тетік ретінде пайдаланбақ» деп көрсетілген.
Бұл баяндамада: «АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен жуырда Бейжіңге жасаған үш күндік дипломатиялық сапары кезінде Қытайға «Кремльмен байланысты үзу немесе оның зардаптарын тартуға дайын болу тұрғысында хабарлама жасайтыныны күтілді», деп жазылған.
Вашингтондағы Гудзон институтының аға ғылыми қызметкері Джонатан Уорд «Қытай коммунистік партиясының (ҚКП) Ресей президенті Владимир Путинге Украинаға басып кіргенге дейін және одан кейін де қолдау көрсетуін, соның ішінде олардың Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешенін қалпына келтіруге тікелей көмегін алға тарта, АҚШ-тың дипломатиялық арналары Бейжіңге қысым жасау үшін пайдаланылуы керек» деді.
Блинкен Бейжіңге Байден мен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің қараша айында Калифорнияда кездесіп, екеуі бір-бірімен және жоғары лауазымды тұлғалармен жиірек байланыста болуға уәде бергеннен кейін келді. Екі елдің басшылары да осы айдың басында телефон арқылы сөйлесті.
Баяндамада аты-жөні аталмаған жоғары лауазымды қорғаныс шенеунігі бұл үндеу Қытаймен бәсекелестіктің «жанжалға айналмауын» қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.
The Hill сайтындағы мақалада: «Дегенмен, Байден әкімшілігі осы айдың басында Қытайдың Ресейге әскери техника экспортын сынап, Украинадағы Ресей соғысына көмектесу АҚШ үшін «қызыл сызық» екенін анық көрсетті» делінген.
АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Курт Кэмпбелл сәуір айының басында: «Біз Қытайға егер бұл үрдіс жалғаса берсе Вашингтон мен Бейжің арасындағы қарым-қатынасқа әсер ететінін тікелей хабарладық», — деді.
АҚШ-тың Солтүстік Атлантикалық Шарт Ұйымындағы (НАТО) елшісі Джулианна Смит Politico басылымына берген сұхбатында: «Қытайдың Ресейді қару-жарақпен қамтамасыз еткені туралы дәлелдер болмаса да, Бейжің Мәскеуді қолдау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын, оқ-дәрі материалдарын, машина жабдықтарын, микроэлектроника және нитроцеллюлоза жеткізді» деп мәлімдеді.
АҚШ шенеуніктері Ресейге тауарларды жеткізуді жалғастыра берсе, қытайлық компанияларға қатысты қатаң санкциялар енгізілетінін ескертті.
Өткен жылы Бейжің мен Вашингтонның қарым-қатынасы ұлғаю және құлдыраумен бірге қатар жүрді. Бұл ретте әуе шары оқиғасы мен Тайвань әкімшілігінің бұрынғы басшысы Цай Инвэннің АҚШ-қа жасырын сапарын айтуға болады.
Қазіргі уақытта Бейжіңмен, әсіресе Тайвань мәселесіне байланысты шиеленісте Вашингтон Қытайдың Ресейге көмектесуіне жол бермеу үшін Еуропалық одақтастарынан бірнеше рет қысымды күшейтуді сұрады.
Бұл ретте АҚШ пен Батыс елдері 2022 жылдың ақпанында Ресей-Украина соғысы басталғаннан бері Киевке жүздеген миллиард доллар көмек көрсетті.
Украинаға әскери көмек артиллериялық оқ-дәрілер мен жаттығулардан басталды, ал қазір бұл көмек танктерге, жетілдірілген әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне, зымырандарға және кассеталық оқ-дәрілерге дейін кеңейді.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы бұған дейін Бейжің елінің Ресеймен әдеттегі сауда-экономикалық алмасуларына қатысты АҚШ-тың негізсіз айыптауларын үзілді-кесілді жоққа шығаратынын мәлімдеді.


















