Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу француз әріптесімен телефон арқылы сұхбатта Украинаға әскер жіберу Франция үшін апат болатынын ескертті.
Бір сағатқа созылған телефон арқылы байланыс 2022 жылдың қазан айынан бері Ресей мен Франция қорғаныс басшылары арасындағы алғашқы сұхбат болды.
Ресей Қорғаныс министрлігінің мәлімдемесі бойынша, Сергей Шойгу Францияның қорғаныс министрі Себастьян ЛеКорноға Париж Украинаға әскер жіберу туралы шешім қабылдаса, өздеріне қиындық тудыратынын ескертті.
Франция президенті Эммануэль Макрон НАТО күштерінің Украинада болу перспективасын бірнеше рет қайталап, «барлық нұсқа мүмкін» деп мәлімдеген болатын. Дегенмен, ол Париждің қазір мұндай жоспары жоқ екенін баса айтып отыр.
Францияның сыртқы істер министрі Стефан Сежурне ақпан айында оның елі бір кезеңде минадан тазартатын күштері мен басқа да әскери емес персоналын жібере алатынын айтқан болатын.
Мәскеу Батыс күштері мен Украина жеріндегі шетелдік қару-жарақ жүйелерін заңды нысаналар ретінде қарастыратынын бірнеше рет мәлімдеді.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та өткен айда шетелдік әскерилерді орналастыру «орны толмайтын салдарға» әкелетін күрделі жағдай қалыптастырады деп ескертті.
Ресей Қорғаныс министрлігі сонымен қатар Шойгу мен оның француз әріптесі Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келіссөздерді қайта бастау ықтималы туралы сөйлескендерін хабарлады.
Ресей Қорғаныс министрлігінің мәдімдемесінде: «Украина туралы сөйлесуге әзірлікке баса назар аударылды», — деп жазылды.
Бастапқы әрекет Стамбул бейбітшілік бастамасына негізделуі мүмкін. Сондай-ақ, Швейцария өткізетін кездесудің Ресейдің қатысуынсыз пайдасыз болатыны баса айтылды.
Франция Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Себастьян ЛеКорно де сәрсенбі күнгі телефон арқылы сұхбатта «Франция Еуропа құрлығында бейбітшілік пен қауіпсіздік орнату үшін азаттық пен тәуелсіздік жолындағы күресте Украинаға қажет болғанша қолдау көрсетуді жалғастырады» деді.
Алайда ЛеКорноға жақын бір адам Франс Пресс агенттігіне берген сұхбатында француз министрі Украинадағы бейбітшілік келіссөздерінің ықтималы туралы айтпағанын мәлімдеді. Бұл адам: «Франция мұндай ештеңені қабылдамады және ұсынған жоқ» деді.














