Ресей мен Өзбекстанның Бас прокурорлары Игорь Краснов пен Нигматилла Юлдошев Мәскеуде кездесті.
Евразия Тудейдің Ресей Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Игорь Красновтың шақыруымен Өзбекстан Республикасының Бас прокуроры Нигматилла Юлдошев бастаған прокуратура органдарының делегациясы Мәскеуге сапармен келді.
Сапар аясында екі елдің бақылау органдарының басшылары кездесіп, Өзбекстан мен Ресей прокуратуралары арасындағы өзара құқықтық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі арттырудың перспективалық бағыттары жөнінде пікір алмасты.
Кездесу барысында Краснов екі ел үшін де лаңкестікке қарсы күрестің өзектілігін атап өтіп: «Өздеріңіз білетіндей, 10 күн бұрын Мәскеу түбінде варварлық лаңкестік шабуыл жасалды.
Өзбекстан үшін де терроризм мәселесі өзекті. Сондықтан, лаңкестік әрекеттердің жолын кесу, радикалдар қатарына жастарды тартуға жол бермеу, бірлесіп және тығыз үйлестіре әрекет ету саласындағы трансшекаралық өзара іс-қимылды тереңдету маңызды. Тек осылай ғана біз лаңкестік идеологиясының таралуына тосқауыл қоя аламыз», — деді.
Сонымен қатар, Краснов Нигматилла Юлдошевті ағымдағы жылдың қыркүйек айында Владивостокта өтетін Шығыс экономикалық форумына қатысуға шақырды.
Нигматилла Юлдошев трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, соның ішінде лаңкестікке қарсы күресте күш-жігерді біріктіру қажеттігін қуаттады.
Кездесу соңында тараптар 2024-2025 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды.



















