Жапония Премьер-министрі Фумио Кисида КХДР басшысы Ким Чен Ынмен жеке кездесу өткізгісі келетінін мәлімдеді.
Евразия Тудейдің Sputnik агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Жапония Премьер-министрі Фумио Кисида КХДР басшысы Ким Чен Ынмен шешілмеген мәселелерді талқылау үшін кездесу ұйымдастыруға бағытталған күш-жігеріне тоқталып, күрделі геосаяси шиеленістер әлемді тарихи бетбұрысқа алып келгенін және Жапонияның қорғаныс позициясын өзгертуге мәжбүр еткенін атап өтті.
Наурыз айының соңында КХДР басшысы Ким Чен Ынның әпкесі Ким Ё Чжон мәлімдеме жасап, Жапония Премьер-министрі Фумио Кисида екіжақты қатынасты, соның ішінде 1970 жылдары Солтүстік Корея арнайы қызмет өкілдері ұрлап әкеткен Жапония азаматтарын елге қайтару үшін КХДР басшысымен жеке кездесу өткізгісі келетінін мәлімдеді.
Ким Чен Ынның әпкесі кейін Пхеньян Токиомен мұндай кездесуді ұйымдастырудағы кез келген келіссөзді елемейтінін айтып, Фумио Кисиданы Жапония азаматтары арасында бұрын-соңды болмаған төмен рейтингін көтеру үшін «саяси маневр жасады» деп айыптады.
Бұл ретте Фумио Кисида CNN телеарнасына берген сұхбатында Токио Жапония мен Солтүстік Корея арасында тұрақты қарым-қатынас орнатуға тырысатынын айтты.
Жапония министрлер кабинетінің аға хатшысы Ёсимаса Хаяси ақпан айында Фумио Кисида Солтүстік Корея басшысымен жоғары деңгейдегі келіссөз жүргізуге бейім екенін айтты. Сол кезде Ким Чен Ынның әпкесі Токио екіжақты қатынасты реформалаудың шарты ретінде адам ұрлау жоспарын шетке ысырса, екі ел арасындағы қарым-қатынасты алшақтатуға ешқандай себеп болмайтынын, әрі Жапония Премьер-министрінің Солтүстік Кореяға келу сапарының мерзімі де ұзақ уақытқа созылуы мүмкін екенін атап өтті.
Токио 1970 жылдан бері Солтүстік Кореяның барлау ұйымдары Жапонияның 17 азаматын ұрлап кеткені туралы уәж айтады. Алайда КХДР тек 13 азаматты ұрлағанын ғана мойындап отыр.
Жапония Премьер-министрі Токиодағы жеке резиденциясында CNN телеарнасына берген сұхбатында: «Ресей мен Украина соғысы, Батыс Азия, сондай-ақ Шығыс Азиядағы жағдаймен бір уақытта біз тарихи кезеңге тап болдық»,- деп мәлімдеді.
Фумио Кисида АҚШ президенті Джо Байденмен кездесу үшін осы елге сапары қарсаңында: «Күрделі геосаяси шиеленістер әлемді тарихи бетбұрыс кезеңіне алып келді. Сондықтан Жапония өзінің қорғаныс қабілетін түбегейлі нығайтуға шешім қабылдады. Біз Жапонияның қауіпсіздік саясатын түбегейлі өзгерттік», -деді.
Ол қауіпсіздік мәселелеріне байланысты Жапония мен АҚШ арасындағы одақ маңыздырақ болып бара жатқанын мәлімдеді. Кисида бұл Вашингтонда екі партияның қолдауына ие болады деп үміттенетін мәселе екенін атап өтті.
Кисида бұл пікірін сәрсенбі күні Вашингтонда Джо Байденмен жоспарланған кездесуіне байланысты мәлімдеп отыр. Ол Конгресстің бірлескен отырысында сөз сөйлеп, Жапония, АҚШ және Филиппин арасындағы алғашқы үшжақты кездесуге қатысады деп күтілуде.
Вашингтон Жапония мен АҚШ-тың Солтүстік Кореяның зымырандық сынақтарына және оның Ресеймен артып келе жатқан байланыстарына көз тігіп отырған уақытта Кисида мен Байденнің саммитін екі ел үшін одақтарын жаңартудағы тарихи мүмкіндік ретінде қарастырады.
Жапония Премьер-министрі қызметіне кіріскен 2021 жылдан бері Токионың қорғаныс позициясының жаппай өзгеруін бақылап, 2027 жылға қарай қорғаныс шығындарындағы жалпы ішкі өнімін шамамен 2 пайызға дейін арттыру мақсатында Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі АҚШ енгізген пацифистік конституциядан аулақ болды.
Шығыс Азия елдеріндегі күрделі өзгерістер туралы қойылған сұраққа Кисида: «Бізбен көршілес елдер арасында баллистикалық зымырандар мен ядролық қару жасап жатқан елдер бар. Сонымен қатар көрші елдер арасында қорғаныс қабілетін жасырын түрде арттырып жатқандар да бар. Бұл қалыптасқан жағдайды өзгертудің біржақты әрекеті Шығыс Қытай теңізі мен Оңтүстік Қытай теңізінде күштен байқалады», -деп жауап берді.
Ол сөзінің жалғасында: «АҚШ мұны түсінеді. Аймақта бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін біз бірлесіп жұмыс істей аламыз деп үміттенемін. Жапония мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас президенттік сайлаудың нәтижесіне қарамастан бұрынғыдан да күшейе түсті. Менің ойымша, Америка халқының Жапония мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас маңыздылығын түсінетініне көз жеткізу маңызды»,- деді.


















