АҚШ Конгресінің республикашыл партиясының өкілі және Барлау комитетінің төрағасы Майк Тернер Вашингтон Тегеранды Газадағы соғыстан аулақ ұстауға күш салып жатқан жағдайда Израильдің Дамасктегі Иран консулдығына шабуыл жасауын рационалды емес деп атады.
Еуразия Тудейдің хабарлауына сәйкес, АҚШ Конгресі барлау комитетінің басшысы Майк Тернер CNN телеарнасына берген сұхбатында сионистік режимнің Дамасктегі Иран консулдығына жасаған жуырдағы шабуылы мен Иранның қарымта әрекет жасау уәдесінің бүкіл аймақтағы шиеленісті шүбәсіз күшейтетінін айтты.
Еске салайық, 2024 жылғы 1 сәуір күні түстен кейін Сирия астанасы Дамасктегі Иран консулдығының ғимаратына шабуыл жасалды. Сирия мен Иран билігі мұны Израильдің әуе соққысы деп атады.
Шабуылда Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусының жеті мүшесі, соның ішінде екі генерал қаза тапты. Салдарынан Иранның дипломатиялық нысаны толығымен қирады.
Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Иран елшісі әрі өкілінің орынбасары Заһра Аршади Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришке, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің уақытша төрағасына хат жолдап, осы оқиғаны қарастыру үшін шұғыл отырыс өткізуді сұрады.
Иран Сыртқы істер министрі Абдуллаһиан Дамасктегі Иран консулдығының ғимаратына жасалған шабуылды барлық халықаралық міндеттемелер мен конвенцияларды бұзу деп атады.
Иранның діни жетекшісі Әли Хаменеи Дамаскке шабуыл жасаған сионистік режимді қылмыстары үшін Иранның батыл ерлері өкіндіретінін баса айтты.
Айта кетейік, осы оқиғадан кейін Америка билігінің Ираннан қарымта әрекетте Американың Таяу Шығыс аймағындағы нысандарына шабуыл жасамауын сұрағаны туралы Иран президенті Ибраһим Раисидің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Мұхаммад Джамшиди Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.



















