АҚШ сенаторлары 4 ақпан күні Украинаға көмек беру, Израильді қаржыландыру және шекарасын нығайту жөнінде екі партиялық заң жобасын талқылады.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, құны 118 млрд долларды құрайтын жоба енді Конгресстің келісіміне жіберіледі.
АҚШ президенті Джо Байден бұл заңды қолдап, Конгресстен тез арада заң жобасын мақұлдауды сұрап отыр.
Ертең, 7 ақпан күні Конгрессте заңға қатысты талқылаулар болады деп күтілуде.
АҚШ сенаторлары аталмыш заң жобасын өткен жылдың қазан айынан бері талқылап, келісе алмауда.
Демократтар мен республикашылдар АҚШ пен Мексика шекарасын күшейтіп, босқындар саясатын қатаңдатуға қатысты екі түрлі көзқараста.
Республикашылдар Украинаға көмек бермес бұрын алдымен шекаралық мәселені реттеу керектігін айтып, Киевке берілетін көмекті бұғаттап отыр.
Конгресске жіберілген заң жобасында көрсетілген қаржы ішінде сенаторлар 60,06 млрд долларды Украинаға, 14,1 млрд долларды Израильге көмекке жіберуге, 20,23 млрд долларды Мексикамен шекаралас аймақты күшейтуге, 4,83 млрд долларды АҚШ-тың Үнді және Тынық мұхиттағы серіктестерін қолдауға, 2,44 млрд долларды АҚШ-тың Орталық әскери басқару штабына, 2,44 долларды Қызыл теңіздегі операцияларды іске асыруға жұмсау қажеттігін ұсынған.
Алайда заң жобасын республикашылдар арасында қолдамай отырғандар да бар. Сол себепті сарапшылар ұсынылған заңды республикашылдар Конгрессте бұғаттап тастауы мүмкін екенін айтады.
Сарапшылардың пікірінше, Конгрессте қазіргі заң қайта қаралып, түзету енгізуге жіберілуі ықтимал.



















