Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 5 қаңтар күні Үкіметті отставкаға жіберу туралы Жарлыққа қол қойды.
2022 жылдың 11 қаңтарынан бері Қазақстан Үкіметін басқарып келген Әлихан Смайылов командасымен жұмысын тоқтатты.
Президенттің шешімінен соң «Үкіметті кім басқарады?» деген сауал төңірегінде әртүрлі пікір айтылды. Негізгі үміткерлер қатарында қазіргі Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Алматы облысының бұрынғы әкімі Қанат Бозымбаев, Премьер-министрдің орынбасары Роман Скалярдың аттары аталған болатын.
Бүгін билік партиясы саналатын, ҚР Мәжілісінің 70 пайыздан астам депутаты осы партияға мүше болып отырған «Аманаттың» өкілдері Премьер-министрдің кандидатурасына өз үміткерін ұсынды.
Олардың таңдауы ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұрынғы төрағасы Олжас Бектеновке түсіпті.
Ақорданың сайтында: «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Парламент Мәжілісінің және «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Премьер-Министр қызметіне Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Мемлекет басшысы ұсынылған кандидатураны Мәжілістегі партиялардың фракцияларымен жуық арада талқылайды» деген ақпарат жарияланды.
Бүгін, түстен кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәжілістегі партия фракцияларының жетекшілерімен кездесіп, «Аманат» ұсынған кандидатураны Үкіметбасы етіп тағайындауға шешім қабылдап, Жарлыққа қол қойғаны баспасөзде жарияланды.
Сонымен, сужаңа Үкіметібасы – Олжас Бектенов. Ол – Қазақстан тарихындағы 12-Премьер-министр.
Смайылов Үкіметінде инфляция 2 есе төмендеген жоқ
Кеше кешке Әлихан Смайылов қазақстандықтарға арнайы үндеуін жолдады. Сөзін Президентке алғыс айтудан бастаған экс-премьер-министр: «Өткен 2 жыл қоғам үшін шешуші кезең болды. Мемлекет басшысы жаңа Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған аса маңызды саяси және экономикалық реформаларға бастамашылық жасады. Үкімет осы реформаларды іске асыру және еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін қызмет етті. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының арқасында бірқатар нәтижеге қол жеткізілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 5,1 пайызды қамтыды», – дейді.
Оның сөзінше, инфляция 2 есеге төмендеп, сырттан инвестиция тарту бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен.
Бірақ Әлихан Смайыловтың екі жылдық еңбегінің «нәтижесі» өзі айтқандай емес екенін алға тартушылар өте көп. Оның бұл сөзін «парадокс» деп қабылдағандар басым деуге болады. Әсіресе, елде екі жыл ішінде азық-түліктің, электротехниканың, қызмет көрсетудің еселеп қымбаттағанын айтушылар көп.
Айталық, журналист Диас Нұрақын: «Көлік қымбат, үй қымбат, тамақ қымбат, коммуналдық қызметтер қымбат, айлық аз, кредит көп, қайдағы инвестиция, қайдағы экономикалық өсімді айтып отырсыз?» деген пікір қалдырған.
Кейбір дереккөздерге қарағанда 2023 жылы инфляция 20,7 пайызға жеткен, ал азық-түлік бағасы 25,7 пайызға өскен. Әлихан Смайыловтың «инфляция 2 есеге төмендеді» деген сөзіне сену қиын.
Смайыловтың Үкіметін отставкаға жіберу туралы сөз көптен бері айтылып жүрген болатын. Отандық БАҚ-та Үкіметтің шешімдерін сынап, қымбатшылықпен күресуге қауқарсыз екенін, олигархтардың шетелге жылыстатқан ақшасын елге қайтаруға қауқарсыздығын, Үкімет жұмысында ашықтық жоқтығын айтып, сынаушылар көп болды. Мұны Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы да «Халық үні» сайтына берген пікірінде ашып айтыпты.
– Әлихан Смайылов басқарған Үкіметке негізінен батылдық жетіспеді деп айтуға болады. Қаңтар қасіретінен кейін мемлекетте болған жағдайға қатысты шұғыл, батыл шешімдер қажет еді. Өйткені, білесіздер, мемлекет басшысының өзі де дәл осы мәселені айтқан еді.
«Кез келген мемлекеттік қызметкер нақты шешім қабылдауға және сол шешім үшін жауапкершілікті алуға үйренуі керек» деген еді. Өкінішке қарай, мен Үкіметтен бұны көрмедім, – дейді депутат.
Олжас Бектенов кім?
Бектенов 1980 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. Мамандығы – заңгер.
Қызмет жолына қарасаңыз, негізінен Әділет министрлігінде, Президент аппаратында, түрлі ведомстволарда, әкімшіліктерде жауапты қызмет атқарған. Әйтсе де, баса мән бергенде сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікте ұзақ жыл қызмет атқарғанын білуге болады.
2012-2014 жылдары ҚР Экономикалық қылмысқа жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің (Қаржы полициясы) орталық аппаратында департамент бастығы, 2016-2017 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы, 2018-2019 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары, 2019-2022 жылдары осы агенттік Төрағасының бірінші орынбасары, 2022 жылдың ақпанынан бастап Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметін атқарған.
Әлеуметтік желілерде Олжас Бектеновтің Премьер-Министр болу себебін, оның осыған дейін атқарған жұмысымен байланыстырып жатқандар көп. Әсіресе, елімізде сыбайлас жемқорлық тоқтар емес. Күні кеше Шымкент қаласы әкімінің жиынында бір шенеуніктің қолына кісен салынды, Экология вице-министрі де экономикаға залал келтірді деген күдікпен ұсталды. Бұл екі оқиға да Үкімет ауысып жатқан тұста болды.
Бектенов Үкіметтегі жемқорлықты тыя ала ма? Оны алдағы уақыт көрсететін болады.
Олжас Бектенов бұған дейін талай жоғары лауазымды қызмет атқарса да, көпшілікке етене таныс емес. Оның саяси аренадағы салмағы да беймәлім.
«Ескі Қазақстанның» экономикалық шытырманын бұзып, жаңа бағытта жұмыс істеуге қауқары жетер деген үміт бар. Ең бастысы, Министрлер кабинетін қалай жасақтайтыны, кімдерді орнынан алып, кімдерді қалдыратыны белгісіз. Бірер күнде оны да білетін боламыз.



















